Канелло кезекке тұрсын

2293

Орта салмақтағы Әлем чемпионы Геннадий Головкиннің бапкері Джонатан Бэнкс ақпарат көздерін дүр сілкіндірді.

Канелло кезекке тұрсын

Бапкердің айтуы бойынша қазақстандық боксшының Сауль Канело Альвареспен жұдырықтасу жоспарында жоқ екен. Бүкіл бокс әлемі GGG-Канело трилогиясын күтті. Ал көптеген сарапшылар кездесу коронавирус пандемиясына байланысты өтпейді деген пікірде еді. Осы трилогия үшін сарапшылар Альварестің британдық Билли Джо Сондерспен жекпе-жегін кейінге қалдырғаны жөн деп санады. Алайда, Сондерстің өзі уақыттың өтіп бара жатқанына байланысты атағын қорғауы тиіс болатын. Сосын британиялық былғары қолғап шебері отандасымызды жекпе-жекке шақырды. Ал Головкин болса IBF белбеуін құрбан етіп, мексикалықпен кездескісі келді. Оған түрлі себептер де бар. Өйткені Генаның ежелгі жауы Сауль Альварес DAZN платформасымен келісімге отырды. Сондықтан да, трилогия түбі болатынға ұқсап кетті. Тіпті, үшінші жұдырықтасудың өтетін күні де белгіленіп, тілшілер 12 қыркүйек күні нағыз шоу болады деп жарияға жар салып жіберді.

"Канеллоның командасы бізге қоңырау шалды. Олар біздің боксшымен жұдырықтасуға дайын екендіктерін айтты. Алайда, біздің де алға қойған жоспарларымыз бар. Алдымен Камил Шереметамен кездесуіміз қажет. Сосын барып Канеллоны да көре жатармыз. Сондықтан да, бұл үшінші кездесуді асықпай ойланып, екіжақты келісіммен өткізгеніміз дұрыс", – деді Бэнкс.

Америкалық телеарнаға берген бұл сұқбатында бапкер өзінің жауапкершілігінің көп екенін аңғартқандай. Әдетте, бапкерлер кездесудің өту-өтпеуін, қай күні болатынын, тіпті қарсылас командаға жауап қайтарып жүрмейді. Бапкер – боксшының кездесуге дайындығын пысықтайтын маман. Ал Бэнкс мырза промоутердің рөлін атқарып отырғандай сезілді. Осыдан соң көптеген мамандар Головкинге бапкер ауыстыру қажет екенін айтты. Ондай пікірлердің дені мынандай: Бэнкс ісінен сөзі көп адам. Ол Альвареске қарсы кездесуге дайындықты дұрыс жүргізе алмайды. Головкин бұрынғы бапкері Абель Санчесті қайта шақыруы тиіс.

Геннадий Головкин 2017 жылы Сауль Альвареспен кездесу үшін өзінің белбеуін қорғамай-ақ бере салған болатын. Тамыз айында өтуі тиіс кездесу Саульдің допингтен өте алмай қалуына байланысты кейінге шегерілді. Сосын, келесі жылы тамызда Геннадий Сергей Деревянченкомен кездесіп, жеңіске жетті. Сондықтан да, Камил Шереметамен кездесу кейінге шегерілуі әбден ықтимал. Егер қазақстандық боксшы бұл тартыстан бас тартса, онда оның белбеуі қайтадан сарапқа салынады. Ал осыған дейін белгілі болғандай Шереметамен болатын кездесу шілде айына жоспарланған болса, онда күзде өтуі тиіс трилогияға Головкин дайындалып үлгермейді. Сондықтан да, қазір соңғы сөз промоутерлерде болып отыр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу