Канело абсолютті әлем чемпионы атанды

301

Мексикалық былғары қолғап шебері мансабындағы 63-жеңісіне қол жеткізді. 

Канело абсолютті әлем чемпионы атанды Фото: independent.co.uk

Бүгін Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында Сауль "Канело" Альварес пен кубалық Уильям Скулл арасында екінші орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өтті.

Мексикалық боксшы төрешілердің бірауызды шешімімен (115-113, 116-112, 119-109) жеңіске жетіп, WBA (Super), WBC, WBO титулдарын қорғап, Скуллдың еншісінде болған IBF белбеуін де қайтарып алды.

Жекпе-жек аса тартысты бола қоймады. Осыған дейін жеңіліс көрмеген Скулл қорғанысқа көңіл бөліп, ашық соққы алмасудан қашты. Канело болса қарсыласына 40 соққы дарытты, ал Скулл бар болғаны 6 соққымен шектелді. Барлығы 12 раундта екі боксшы 445 соққы ғана жасап, соңғы 40 жылдағы чемпиондық жекпе-жектер арасындағы ең төмен көрсеткіш тіркелді.

Алайда жекпе-жектің көрерменге қызық болмағанына қарамастан, бұл жеңіс Канелоға екінші орта салмақтағы абсолютті чемпион атағын қайта иеленуге мүмкіндік берді. Енді оның рекорды: 63 жеңіс (39 нокаут), 2 жеңіліс және 2 тең ойын.

Жекпе-жектен кейін бірден рингке Теренс Кроуфорд көтеріліп, келесі айқастың 12 қыркүйекте Лас-Вегаста өтетінін растады және бірден көзқарастар айқасы да өтті. Бұл кездесу қазірдің өзінде "онжылдық жекпе-жегі" деп аталып отыр.

Осылайша, жекпе-жектің көз қуанта қоймағанына қарамастан, Канело келесі ірі кездесуге сенімді қадам жасап келеді. Бұл айқас 2025 жылғы басты бокстық оқиғалардың бірі болмақ. Жекпе-жек 12 қыркүйекте Лас-Вегаста өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу