Канело бас тартып, Головкин қарсылассыз қалды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2763

Мексика боксшысы Сауль Альварес "Канело" 5 мамырда Геннадий Головкинмен өтетін жекпе-жектен бас тартты.

Канело бас тартып, Головкин қарсылассыз қалды

Біздің уақытпен бүгін түнде Мексика майталманы Сауль Альварестің 5 мамыр күні Қазақстанның шойын жұдырықты қыраны Геннадий Головкинмен жекпе-жекке шықпайтындығы мәлім болды. Канелоның мүддесін қорғайтын Golden Boy промоутерлік компаниясы осыған байланысты Лос-Анджелесте арнайы баспасөз жиынын өткізіп, қарымта кездесуден бас тартатындығын жариялаған.

Golden Boy промоутерлік компаниясының президенті Эрик Гоместің жоғарыда аталған жиында мәлімдеуінше, Невада штатының атлетикалық комиссиясы (NSAC) Сауль Альваресті мамыр айындағы жекпе-жекке шығуына рұқсат бере алмайтындықтарын сездірген көрінеді.

Бұл – Канело жазаға тартылып, кәсіпқой бокстан уақытша аластатылады деген сөз. Егер шаршы алаңнан жарты жылға шеттетілсе, онда Головкинмен тамыз немесе қыркүйек айында кездесуді межелеп отырғандай. Ал егер бір жылға аластатылса, онда жағдай тым қиындай түседі.

Негізі, Невада штатының атлетикалық комиссиясы (NSAC) Сауль Альварестің ісін 18 сәуір күні қарауы керек. Алайда мамандар "егер ол өз кінәсін мойындаса, жарты жылға, ал мойнына алмаса, онда бір жылға кәсіпқой бокстан аластатылады" деп пайымдап отырған. Соған қарағанда, Golden Boy алдын ала шара қолданып, жазаларын жеңілдеткілері келетін сияқты ма?

Сауль Альварестің өзі осы жиында "Өте өкінішті. Дәл осылай болады деп ойламап едім. Елдің менің адалдығыма күмән келтіре бастайтындығы жаныма батады. Мен қашанда таза және адал боксшы болдым. Енді өте сақ боламын. Барлықтарыңыздан кешірім сұраймын. Мен боксты сүйемін. Мен – таза боксшымын", – депті.

Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін жазғанымыздай, наурыз айының басында Канеллоның ағзасынан шамалы мөлшерде кленбутерол табылған. Ол оның өз ағзасына тағам (ет) арқылы түсуі мүмкін екендігін айтып, дәлелдеуге тырысқан. Бірақ қанша ақталмақ болса да, NSAC "құрығынан" құтыла алмайтындығына көзі жеткендей.

Ал Геннадий Головкин 5 мамыр күні бәрібір рингке шығады. Бірақ Канеломен кездеспеуі де мүмкін, әрине. Осы допинг дауы ушыға түскеннен бері Головкиннің командасы алдағы жекпе-жектерін ойластырып, қарекет жасай бастаған. Яғни Сауль Альварестің орнына басқа қарсылас іздестіруде. Негізі, ниет білдірушілер аз емес. 

5 мамыр күні Головкинмен жұдырықтасқылары келіп, ғаламтор арқылы жекпе-жеке шақырып, кеуделерін көтеріп жүргендер біршама. Олардың арасында Хулио Сезар Чавес-кіші (Мексика), Хильберто Рамирес (Мексика),  Джермалл Чарло (АҚШ), Деметриус Андраде (АҚШ), Сергей Деревянченко (Украина), Гэри О'Салливан (Ирландия) және басқалар бар.

Негізі, WBO түжырымы бойынша әлем чемпионы Билли Джо Сондерс (Ұлыбритания) және Дэниэл Джейкобс (АҚШ) сынды қарымды жігіттер де жекпе-жекке шығуға емеурін танытқандай еді. Бірақ Головкиннің промоутері Том Леффлер бұл боксшылармен 5 мамырда кездесу жоспарларында жоқ екенін сездіргендей болды. Әйтсе де, әліптің артын бағайық. Геннадийдің қарсыласы таяуда белгілі болып қалар. Уақыт тығыз, кешеуілдетуге болмайды. Мұны бәрі де жақсы біледі.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу