"Канелоның" сөзінше, Головкин әлі де жекпе-жекке шығады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық жұлдыз Сауль Альварес тағы да жолықты.
– Біз Геннадиймен түрлі естелікті айтып, әңгімелестік. Арамызда 3 үлкен жекпе-жек өтті, сондықтан бөлісетін дүние де көп болды, – деді ол.
Сонымен қатар, Альварес қазақстандық былғары қолғап шеберінің рингке қайта оралу ықтималдығын айтып өтті.
– Геннадий өзіне не дұрыс деп санаса, соны істеуге толық лайық. Егер қайта оралып, тағы бір жекпе-жек өткізсе, бұл бокс үшін де, жанкүйерлер үшін де тамаша жаңалық болар еді, – деп пікірін айтты "Канело".
Жаза кеткен жөн, қос боксшы арасындағы алғашқы жекпе-жек 2017 жылы өтті. Ол кезде айқас тең нәтижемен аяқталды. Десе де, бір жылдан соң реваншта төрешілер шешімімен Альварес жеңіске жетті. Ал 2022 жылғы трилогияда да мексикалық боксшының мықтылығы сезілді. Содан бері Геннадий Головкин рингке шықпады. Солай бола тұра, мансабын ресми түрде аяқтағанын да жарияламай жүр.
2025 жылы Геннадий Головкин шаршы алаңға қайта оралғысы келетінін байқатты. Бұл туралы ол BoxingScene басылымына "Рингтегі ескі сезімім қайта оянды" деп мәлімдеген еді.