Берни Дэвистің сөзінше, ол енді рингке қайта шығуы үшін кемі 100 миллион доллар көлеміндегі ұсынысты қарастырып көреді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кроуфордпен жұдырықтасуы мүмкін қарсыластар қатарында орта салмақтағы чемпиондық белбеу иелері – қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) және кубалық Эрисланди Лараның (31-3-3, 19 KO) есімі аталады. Десе де, Дэвис Кроуфордтың өте көлемді гонорарсыз олармен айқасуға келіспейтінін шегелеп айтты.
– Менің ойымша, Кроуфорд карьерасын аяқтаған секілді. Егер әңгіме 100 миллион доллар туралы болмаса, орта салмаққа өтіп, ол жігіттермен айқаса қоймайды, – деді бас бапкер SI басылымына.
Бұл жерде тағы бір мүмкіндік туып отыр. Ол орта салмақтағы чемпиондық белбеулердің біріктірілгенін қалайды. Яғни, Кроуфорд сол чемпионмен абсолют атағы үшін жұдырықтасуы ықтимал.
– Барлық титулды біріктірсін, сол кезде біз абсолют чемпион атағы үшін рингке шығамыз. Әйтпесе, Кроуфорд үшін карьерасын жалғастырудың мән-мағынасы жоқ. Ол қазірдің өзінде бокста қолынан келгеннің бәрін істеді. Егер оған 100 миллион доллар беріп, үлкен шоу ұйымдастырмаса, басқа жол жоқ! – деп нақтылады Дэвис.
Бір ай бұрын Кроуфорд мексикалық Сауль Канело Альваресті (63-3-2, 39 KO) төрешілер шешімімен жеңіп кетті. Осылайша, ол екінші орта салмақта абсолют чемпион атанды.
Америкалық боксшы осы жеңісінен соң орта салмаққа ауысуы мүмкін екенін ашық айтқан-ды. Аталған салмақта WBO және IBF белбеулері Жәнібек Әлімханұлында болса, WBA чемпионы – Эрисланди Лара, ал WBC тұжырымы бойынша чемпиондық атақ доминиканалық Карлос Адаместе (24-1-1, 18 KO) тұр.
Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы жыл соңында 3 титулды біріктіруі мүмкін екенін жаздық.