Қанша адамның коммуналдық төлемін мемлекет төлейді?

3192

Үкімет бұл шараға елу миллиард теңгедей жұмсауды ұйғарды. 

Қанша адамның коммуналдық төлемін мемлекет төлейді?   Фото: express-k.kz

Қазақстанда ел қазынасының қаражатын қайта бөлу жалғасуда. Билік бюджетті пандемиямен және дағдарыспен күрес шараларына барынша жұмылдырып жатыр. Биылғы жылдың республикалық бюджеті өзге жылдардан сонысымен дараланатын болды.

Осыған орай биылғы жылға арналған нақтыланған республикалық бюджеттің көрсеткіштері қайта түзетіледі. Бұған қоса, "2020 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджет туралы" Президент жарлығын іске асыру туралы" 9 сәуірдегі Үкімет қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр.

Оған сәйкес, 3 млн 289 мың 522 коммуналдық түбіртегінде көрсетілген төлемақыны мемлекет өзі төлеп береді деп жоспарланған. Осы мақсатта ел қазынасынан 49 млрд 342,8 млн теңгеден астам ақша шығындалады. Бұл дағдарыс және карантин кесірінен әл-ауқаты төмендеген бұқараны қолдау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жасалады.

Қолға түскен ақпаратқа жүгінсек, аталған науқанның қызығы мен игілігін ең көп көретін өңір – жұртшылығының жалпы саны 2 миллионға жеткен Түркістан облысы болмақ. Бұл өңірдегі өтеуге ілігетін тұрғындар санатының коммуналдық қызмет алдындағы 11,5 млрд теңге көлеміндегі қарызы өтеледі. Осынша қаржы 770 мың 760 түбіртектегі 15 мың теңгеге дейінгі коммуналдық қызмет ақысын жабуға жетеді.

Одан кейінгі орынға Алматы облысы орналасқан. 2,1 млн тұрғыны бар   осы өңірде халықтың коммуналдық төлемін төлеу үшін 7,4 млрд теңге бағытталады. Яғни, 496 мың 790 отбасы көмекке ілігуі мүмкін. 

Үштікті 1,4 млн адам өмір сүретін Шығыс Қазақстан облысы тұйықтайды, оған 4,7 млрд теңге беріледі. Бұл 315 мың 658 түбіртектің төлемі.

Ең аз қаражат 700 мыңға жуық халық мекен ететін Атырау облысына тиді, оның еншісінде 606,8 млн теңге. Бұл қаржы небәрі 40 мың 454 адамға ғана жетеді.

Батыстағы тағы бір өңірге – 880 мың тұрғынға ие Ақтөбе облысына да небәрі 705,4 млн теңге тиесілі болды. Демек, өңір бойынша  бар-жоғы 47 мың 28 түбіртектің төлемі ғана өтелмек.

Барлық өңірде әкімдіктер тізіміне кірген азаматтардың есепшотына 15 мың теңгеден аударылады. Егер отбасының бір айдағы коммуналдық қызметтерге төлейтін төлемақысы бұл сомадан аз болса, артылған ақша келесі айдың төлеміне қалдырылады.

Үкімет сәуір үшін өтемақы беруге ұйғарған, ол айдың төлем түбіртегі осы мамыр айында келетіні белгілі.

Дегенмен, кейбір өңір коммуналдық қызметтер өтемақысына өтініш қабылдауды уақытша тоқтатты. Мысалы, Павлодар облысының әкімдігі су, жарық пен жылу үшін 15 000 теңге берілетінін, бірақ оның уақыты кейінге шегерілгенін жеткізді.

"Өтініш қабылдауды тоқтата тұрамыз. Өйткені әзірше бұл төлемақының Қазақстан бойынша бірыңғай тетігі анықталмаған. Біз өз бетімізше өтініш қабылдауды бастағанбыз, бірақ ол сонша тиімді болмай шықты. Сондықтан өзге өңірлер секілді жалпы республикалық шешім мен іс-қимыл алгоритмінің қабылдануын күтейік деген ұйғарымға келдік", – деді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева.

Әкімдіктің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің поштасына 15 мың теңге сұраған шамамен 3,5 мың өтініш түсіпті. "109" бірыңғай байланыс орталығына 5 мың қоңырау шалынған.

Ортақ тетіктің қашан өмірге жолдама алатыны белгісіз. Кейбір өңірлер, мысалы, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары өтемақы алатын әлеуметтік осал топтар тізімін қалыптастыруды жалғастыруда.

Елімізде мүгедектер, көп балалы отбасылар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, жалғыз басты қарттар және ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер осы жаңа "төтенше" өтемақыдан үміттене алады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу