Бұл туралы Мәжілісте "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Бүгінде агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесіндегі өзгерістер ауыл азаматтары, шаруалар үшін ең өзекті тақырып болып отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау жүйесінде мемлекеттік қолдаудың бірқатар шараларын алып тастауды,одан бас тартуды көздейтін, кейбір жеңілдіктерді несие беру және инвестициялық субсидиялармен алмастыратын жаңа тәсілдерді әзірледі.
Оның ішінде 2023 жылдан бастап тауарлық-спецификалық субсидияларды өңірлерге беру, оларды аймақтың бюджет есебінен қаржыландыру да бар бар.
"Бұл бойынша сыни жағдай қалыптасуда. Айрықша субсидияларды, әсіресе импортқа тәуелді өнімдер бойынша қолдауды облыстық деңгейге беру олардың күшін жоюмен тең", – деп есептейді депутат.
Qoldau.kz порталының деректері бойынша, тауар субсидияларын алушылар қатарында жыл сайын шамамен 35-40 мың ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші бар. Егер шағын және орта бизнеске жататын әрбір кәсіпорын қызметкерлерінің орташа саны шамамен 40-60 адамды құраса, онда тұтастай алғанда субсидиялаудың бұл түрі 1,8 млн-нан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен және жалақымен қамтамасыз етуде.
"Салаға өзгеріс енгізілсе қаншама адам министрліктің шолақ шешімдерінен зардап шегеді", – дейді депутат.
Соған сәйкес ол тауарлық субсидияларды жергілікті деңгейге беруден бас тарту қажет деп есептейді.
"Бірінші кезекте бұл қажетті өнімдерге бағаның өсуіне, оларды өндіру көлемінің төмендеуіне, жұмыс орындарының қысқаруына әкеп соғады. Ол өз кезегінде, импорт көлемінің өсуіне, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сондай-ақ осы кезеңде субсидиялаудың түрлері мен бағыттарын өзгертуге жол бермеу туралы ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің көптеген өтініштерін ескере отырып, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында бүгінгі қолданыстағы субсидиялау жүйесін, оның ішінде тауарлық-спецификалық және қаржыландыру көздерін сақтау маңызды және қажет деп санаймыз", – деді Ерлан Саиров.
Сонымен қатар депутат Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия саласы бойынша қоғаммен байланысын күшейтуі керек деп есептейді.
"Ауыл шаруашылығы саласы өкілдерінің, сарапшылардың пікірінше, жалпы Ауыл шаруашылығы министрлігінің субсидия саласындағы жұмысы сын көтермейді, түсіндіру жұмыстары ақсап тұр, аграрийлердің пікірі ескерілмейді.
Министрлікке қоғаммен жұмыс істеу дәрежесін өсіру маңызды", – деп қорытындылады Ерлан Саиров.