Қант диабетімен ауыратын балалар дәрі-дәрмексіз қалды

Аскар Муминов Аскар Муминов
5191

Денсаулық сақтау министрлігі созылмалы ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігін жоққа шығарып отыр.

Қант диабетімен ауыратын балалар дәрі-дәрмексіз қалды

Балалары қант диабетімен ауыратын ата-аналар денсаулық сақтау министрлігінің бұл ауруды әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алып тастауы қажетті дәрі-дәрмектің тапшылығын тудырғанын айтып отыр. Бұл бірінші типті қант диабетіне қатысты.

2018 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда қант диабетімен ауыратын 3076 бала тіркелген, ал денсаулық сақтау министрлігі помпамен тек 1071 баланы ғана қамти алған. Ауру балалардың ата-аналары содан бері жағдай мүлдем қиындап кеткенін айтуда. Тап осы ата-аналар денсаулық сақтау министрлігінен өзгертуге қол жеткізуді көздеп отырған арнайы жұмыс тобын құрған.

Осы топтың мүшесі Руслан Закиев қазір денсаулық сақтау министрлігі 1 типті қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алып, динамикасы бақыланатын аурулар тізіміне енгізгенін айтып отыр. Ол динамикасы бақыланатын аурулар тізімін денсаулық сақтау министрлігі әзірлемегенін және оны әзірлеуге асықпайтынын жеткізді.

Дәрі-дәрмек жоқ
Ата-аналар глюкаметрге арналған тест-жолақтарға қатысты күмәнді тендерге де наразы. Бұл тендерге екі жергілікті компания қатысып, екеуі де өнімді бір бағада ұсынған. Алайда бір өндірушінің өнімді сақтау мерзімі алты ай, ал келесінікі -24 ай. Осыған қарамастан, тендерді өнімді сақтау мерзімі аз компания ұтып алған. Осының бәрі мәлім болғанда "СК-Фармация" есесіне тендерді жеңіп алған компания өнімді ай сайын жеткізетін болады деп ақталуға тырысты.

Баланың гипогликемиялық жағдайы асқынғанда қолданылатын "Глюкаген Гипокит" дәрісімен қамтамасыз ету мәселесі сол қалпына қалып отыр. Егер дәріні дер кезінде бермесе, балаға ауа жетпей, тіпті өліп кетуі мүмкін.

Бұл дәріні Қазақстандағы дәріханалардан таба алмайсың, 2017 жылдың соңында бұл дәрі кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында жеткізілетін дәрілер тізімінен алынып тасталған. Ақыр-соңында дәрі мүлдем қолжетімсіз болып қалған. Ал бұл дәрі қант диабетімен ауыратын қаншама балаға қажет.

"Денсаулық сақтау министрлігі біздің өтінішімізді ескеріп отырған жоқ. Осының нәтижесінде ата-аналар бұл дәріні таныстары арқылы Ресейден алдырып отыр. Оның құны бес мың теңге тұрады. Біздің бай мемлекетіміз барлық ауру балалар үшін осы дәріні сатып алса, кедейленіп қалмайды деп ойлаймын", – деді Руслан Закиев.

Инсулинді помпа тағы жетіспей отыр
Инсулинді помпалар бұрынғыша жетіспейді. Олардың 1500 данасына тапшылық бар.

"СК-Фармация" болса қант диабетімен ауыратын науқастар медициналық ұйымдарға түскен өтініштерге сәйкес дәрі-дәрмекпен толық қамтылып отыр дегенді айтуда. Тап қазіргі уақытта тегін дәрі-дәрмек беретін медициналық ұйымдар мен дәріханаларға 15,9 млрд теңгеге қант диабетімен ауыратын науқастарға арналған дәрі-дәрмек келіп түскен.

Бастамашы топ өкілдері денсаулық сақтау министрлігі 2018 жылы инсулинді помпалардың тапшылығын болдырмаймыз деген уәдесінде тұрмады дейді. 2018 жылы помпа алған балалар саны 200-ге жетпейді. 2019 жылға жоспарланып отырған 352 инсулинді помпалар тек 2018 жылы ғана белгілі болған науқастардың қажеттілігін өтейді. Қазір бұл құралға деген тапшылық 1800 бірлік деп бағалануда. Бастамашыл топтың мәліметі бойынша, 2019 жылы қант диабетімен ауыратын 3 баланың екеуі қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылмайды.

2018 жылы бірыңғай дистрибьютер қант диабетімен ауыратындар үшін небәрі 47 дәрі-дәрмек құралы мен өнімін сатып алып, жеткізген. "СК-Фармация" мәліметіне сүйенсек, медициналық ұйымдарға дәрі-дәрмекті жеткізуде іркіліс жоқ. Бірқатар өңірлерде тап қазір инсулинді және басқа да дәрі-дәрмек пен өнімнің қалғаны шоғырландырылып жатыр, оның құны 4 млрд теңге. Бұл бір тоқсанның қажетіне жетеді. Медициналық ұйымдар 528 млн теңгенің қажет болмай қалған инсулиндерін қайтарған.

Ауруға шалдығу артып барады
Инсулинді помпаларға қажетті шығыс материалдары мен жинағы медициналық ұйымдардың өтінішіне сәйкес сатып алынған. Бұл процедураға басында берілген 513 млн теңгенің өтінішіне қазір медициналық ұйымдарға 610 млн теңгенің жинағы тиелген. Мұның ішінде қосымша өтініш бойынша тиелгендер бар. "СК-Фармация" бұл ретте қазір медициналық ұйымдардың қоймаларында 215 млн теңгенің өнімі қалып отырғанын мәлім етті.

Қазіргі уақытта елімізде 300 мыңнан астам адам қант диабетімен ауырады. 2009 жылдан бастап 1 типті қант диабетімен ауыратын балалар помпалы инсулинді терапияға көшкен. Сонымен қатар өзіндік иммунды процестердің негізінде ұйқы безінің β-жасушасы бұзылуы салдарынан тап осы 1 типті қант диабетімен ауыратындарға инсулин жетіспейтіні белгілі. Сондай-ақ көп жағдайда ауруға генетикалық бейімделу әсер етеді.

Қазақстандағы халықтың 2,1%-ы қант ауруымен ауырады. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Қазақстанның ұлттық тіркеліміне сәйкес қант диабеті ауруына шалдығатындар көп. Медициналық әлеуметтік көрсеткіш бойынша қант диабеті жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулардан кейін үшінші орында тұр.

Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу