Қант қызылшасымен шұғылданатындарға біршама жеңілдік енгізілмек

4517

Елдегі қант тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған кешенді жоспар аясында кәсіпорындарға жеңілдіктер жасалады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме беріп.

Қант қызылшасымен шұғылданатындарға біршама жеңілдік енгізілмек

Құжатта көрсетілгендей, 2023 жылға дейін қант қызылшасын егумен, оны өңдеумен айналысатын компанияларға төрт пайыздан аспайтын үстемақымен несие беру пысықталады.

Сондай-ақ қант өндіретін кәсіпорындарға салынатын салыққа 70 пайыздық жеңілдік беретін Салық кодексінің 411-бабын қолдану мерзімі ұзартылуы мүмкін. Келер жылы бұл бағытта нормативтік құжаттар мен өзге де тиісті міндеттемелерге өзгеріс енеді.

Бұдан өзге, зауыттарға шикі қантты жеткізу, одан шыққан дайын өнімді теміржол немесе жүк көліктері арқылы тасымалдау шығындарының бір бөлігін мемлекет есебінен өтеу мәселесі пысықталады.

Ал 2025 жылға дейін "Ақсу-Қант" серіктестігін және оған іргелес аумақтарды дамыту үшін теміржол жолдары салынады. Бұған қоса, аталған кәсіпорынға инвесторлар есебінен газ тарту мәселесі қаралады. Бұл орайда, барлық қант зауыттары әлеуметтік объектілер тобына енгізіледі. Яғни оларға берілетін газ, мазут және электр энергиясының құны нарықтағы бағадан арзан болады.

Жоспарға қант импортына қатысты да мәселелер енген. Оған сәйкес, аталған тауарды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден ең төменгі бағалармен сатып алу үшін шаралар қабылданады.

Алдағы 4 жылда инвестициялық қаражат есебінен елімізде қант зауыттары салынады. Дегенмен жоспарда қанша кәсіпорынның бой көтеретіні көрсетілмеген.

Кешенді жоспарды іске асыру үшін негізгі қаражат Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында бөлінеді. Сонымен бірге жеке инвестиция, Ислам даму банкі, республикалық және жергілікті бюджеттен де қаржы алынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу