Қант зауытын қытайлар салатын болды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4354

Павлодар өңірінің басшылығы қытайлық инвесторға барынша қолдау көрсетпек.

Қант зауытын қытайлар салатын болды

"Павлодар облысында қант зауыты салынады" деген әңгіменің айтылып жүргеніне екі жылға жуықтады. Әңгіме шындыққа айналып, зауыт салынатын болды. Жобаны қытайлар қолға алмақ.

Осы аптада Бейжіңде Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің VI отырысы өткені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған делегацияның құрамында Павлодар облысының өкілдері де Қытай жеріне барып қайтты. Іскерлік кеңестің отырысында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов NAALE компаниясының президенті Чжан Цимен әріптестік туралы шекті келісімді бекітті. Аталған компания Павлодар облысында қант зауытын салуға ниетті. Белгілі болғандай, NAALE компаниясы сыра, шарап секілді түрлі сусындар шығарумен айналысады екен. Енді қант зауытын салуға қаржы құюды көздеп отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін қант зауытын салуға қытайлықтармен қатар Ресей компаниялары да қызығушылық танытқан болатын. Таңдау Қытай тарапына түсіпті.

"Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы аталмыш жобаны 18 млн АҚШ долларына бағалаған еді. Жоспар бойынша келесі жылы қант зауытының қадасы қағылып, кәсіпорын 2022 жылы іске қосылуға тиіс.

Болат Бақауовтың сөзінше, зауыт жылына 110 мың тонна қант өндіретін болады. Зауыт Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Жаңа өндіріс ішкі нарықтағы сұраныстың 20 пайызын өтейтін болады. Сондай-ақ зауытта 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Зауыт Ақсу қаласының индустриялық аймағында орналасады. Ақсу қаласы тектен-тек таңдалып алынған жоқ. Себебі, Ертіс өзені мен Сәтбаев атындағы канал жақын орналасқандықтан,  аталған индустриялық аймақта электр станциясы мен судың бағасы арзан. Павлодар облысының басшылығы қытайлық инвесторларға барынша қолдау көрсетпек.

Биыл жергілікті шаруашылықтар болашақ қант зауытына қажетті шикізатты Павлодар облысы аумағында әзірлеуді қолға алған еді. Ол үшін егіс алқаптарынан арнайы тәжірибелік алаңдар ұсынылып, оған Германиядан әкелінген элиталық тұқымдар егілді.

Осы жылы облыстағы 10 шаруашылық қант қызылшасын еккенімен, олардың жетеуі салғырттық танытты. Тек үшеуі ғана егу технологиясын сақтай отырып, тиісті жұмыстарды уақытылы жүргізген. Олар – "Маяк",  "Ақтоғай-Агро" және "Сергей" шаруа қожалықтары. Шаруашылықтар 1 гектардан 350 центнер өнім алған. Ал өнімнің салмағы 4 келіге дейін жеткен. Қызылшаның қанттылығы 15-20,5 пайызды құрады.

Жоспарға сәйкес, қант зауыты тәулігіне 6 мың тоннаға жуық қант қызылшасын қайта өңдейді деп күтілуде. Демек, қант қызылшасы егілетін алқаптың аумағы 15 мың гектардан кем болмауы керек. Осы орайда, облыстағы 10 шаруашылық "Павлодар Қант" деген кооператив құрғанын атап өткен жөн.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу