Қаңтар оқиғасы: Бас прокуратура неге терроризмге қатысты іс қозғалғанын түсіндірді

1645

Тәртіпсіздіктер кезінде 3 мыңнан аса қару ұрланған. Оның тек 967 бірлігі табылған.  

Қаңтар оқиғасы: Бас прокуратура неге терроризмге қатысты іс қозғалғанын түсіндірді

Бас прокуратура Қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов қаңтар оқиғасы кезінде неге терроризмге қатысты іс қозғалғанын түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде барлығы 3 мың 96 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген. Олардың басым бөлігі – меншікке қарсы, бұзақылық және қаруды жымқыру қылмыстары.

"Арнайы прокурорлардың басқаруымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздік және терроризм актілері бойынша 181 істі тергеп жатыр. Қылмыстық кодекс бойынша жаппай тәртіпсіздіктер азаматтарға күш қолдану мен бизнес нысандарын және жеке мүлікті қирату, билік өкілдеріне қарулы қарсылық көрсетуге ұласады. Алайда жеке тұлғалардың әрекеттері халық арасында үрей мен қорқыныш туғызды, әрі мемлекеттік органдардың қызметін тоқтатуды көздеді.  Сондықтан олар мемлекеттік биліктің символы ретінде әкімдік ғимараттарына, тәртіпті қамтамасыз ететін объектілерге шабуыл жасаған. Қылмыстық кодекстің 255-бабына сәйкес, бұл іс-әрекеттер терроризм актілері ретінде сараланады", – деді Елдос Қилымжанов ОКҚ-де өткен брифингте.

Ол құқық қорғау органдары ғимараттарын басып алудың негізгі мақсаты – атыс қаруын иемдену екенін атап өтті.

"Алматы облысында полиция департаменті ғимаратынан 53 автомат, 367 тапанша, 1 гранатомет, 23 мыңнан аса оқ-дәрі ұрланған. Жамбыл облысында 209 автомат, 134 тапанша, 1 гранатомет, 1 пулемет және 43 мыңға жуық оқ-дәрі табылды.

Алматы резиденциясы қиратылғаннан кейін ол жерден 131 қару, оқ-дәрілердің жетіспейтіні анықталды. Оның ішінде 80 граната, 17 тапанша, 10 автомат, 21 гранатомет, снайпер мылтығы бар.

Сондай-ақ 10 аңшылық дүкен тоналды. Бұл жерлерден 1 629 мылтық ұрланды. Жалпы 3 мыңнан аса қару ұрланған. Бұл қарудың үштен бірі немесе 967 қару табылған. Ал 2 мыңнан аса қару, оның ішінде граната, пулеметтер, мылтықтар, тапаншалар, гранатомет әлі де қылмыскерлердің қолында", – деді Бас прокуратура өкілі.

Елдос Қилымжанов барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, ұрланған қаруларды іздестіріліп жатқанын атап өтті.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу