Қаңтарда 2 105 көлік құрастырылды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
16254

Қазақстанда өндірілген Lada-ның көліктеріне сұраныс жоғары.

Қаңтарда 2 105 көлік құрастырылды

2018 жылдың алғашқы айында ел аумағында 2 105 автокөлік өндірілді. Бұған жеңіл және жүк көліктері, автобустар, арнайы техникалар мен тіркемелер еніп отыр. Өндірілген өнімнің жалпы сомасы – 12,1 млрд теңге.  "ҚазАвтоӨндіріс" Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының мәліметінше, қаңтардағы көрсеткіш былтырғы деңгейден 3,6 есе асып түскен.

Өндірілген автокөліктердің негізгі бөлігін жеңіл автокөліктер құрайды. Қаңтар айында 2 041 жеңіл автокөлік құрастырылған. Жалпы, жеңіл автокөлік өндірісі 3,7 есеге өскен.

Жүк көлігін құрастыруда да ілгерілеу бар. Мәселен, 2017 жылдың қаңтарында небары 4 жүк көлігі өндірілсе, биыл 52 жүк көлігі құрастырылған. Яғни, бір жыл бұрынғы көрсеткіш 13 есе артық.

Былтырғы жылдың қаңтар айында 2 арнайы автотехника құрастырылған екен. Биыл да осы көрсеткіш қайталанған.

Ал автобус өндірісі айтарлықтай кеміген. Мәселен, былтыр ел аумағында 7 автобус құрастырылса, бұл жолы небары 1 ғана техника өндіріліпті.

Қаңтар айының қорытындысында отандық автозауыттарда құрастырылған 1 340 техника сатылған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 77,7%-ға жоғары. Еске сала кетейік, осыдан тура бір жыл бұрын 754 отандық автокөлік сатылған болатын. Қазақстандық автоөндіруші кәсіпорындардың нарықтағы үлесі өткен жылғы 30,5%-дан 41,2%-ға дейін өсті.

Кәсіпорындар арасында "АЗИЯ АВТО"-ның алдына түсер ешкім жоқ. Отандық автокөліктердің жалпы сатылымының 68,3%-ы осы компанияға тиесілі. "АЗИЯ АВТО" қаңтар айында 915 автокөлік сатқан екен. Екінші орында "СарыарқаАвтоӨндіріс" ЖШС тұр. Компания 327 техниканы сатқан. Бұл – елдегі жалпы сатылымның 24,4%-ы. Бұдан кейінгі орындарға "СемАЗ" (56 техника сатқан, жалпы сатылымның 4,2%-ы), "КАМАЗ-Инжиниринг" (21 техника сатқан, жалпы сатылымның 1,6%-ы) және "Hyundai Trans Auto" (21 техника сатқан, жалпы сатылымның 1,6%-ы) компаниялары орналасқан.

Қаңтар айының қорытындысы бойынша сұранысқа ие Қазақстанда құрастырылған жеңіл автокөліктердің бестігін мына брендтер түйіндеп тұр: Lada (763 көлік сатылған.), KIA (128 көлік сатылған.), Hyundai (125 көлік сатылған), Ravon (96 көлік сатылған) және Chevrolet (46 көлік сатылған). Сондай-ақ, тұтынушылар JAC (33 көлік), Skoda (18 көлік), Peugeot (14 көлік) және SsangYong (1 көлік) брендтерінің де көліктерін сатып алған.

Тұтынушылардың Lada брендінің Lada Granta (216 көлік), Lada 4x4 (212 көлік), LadaLargus (127 көлік) және Lada Vesta (110 көлік) модельдеріне қызығушылығы жоғары. Қазақстандықтар арасында сатылымы жақсы модельдердің қатарында Ravon Nexia (88 көлік), KIA Sportage (86 көлік), Lada XRAY (70 көлік), Hyundai Tucson (62 көлік), Chevrolet Niva (40 көлік) және Hyundai Elantra (32 көлік) бар.

"ҚазАвтоӨндіріс"-тің дерегінше, осы жылдың қаңтарында 99 автокөлік мемлекеттік жеңілдетілген автонесие бағдарламасының қатысушыларына берілген. Жеңіл автокөліктер сатылымының 7,4%-ы мемлекеттік бағдарламаның үлесіне тиесілі.

Соңғы 10 айдың қорытындысы бойынша отандық автозауыттардың еліміздің ішкі жалпы өніміндегі үлесі 12,1 млрд теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,4 есе жоғары. Автоөндірістің көрсеткіштері фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп салаларынан екі есе артық. 2018 жылдың қаңтар айында автоөндіруші кәсіпорындардың негізгі капиталға салған инвестициясы 11,6 млн теңгеге жетті.

"ҚазАвтоӨндіріс" Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының басқарма төрағасы Олег Алфёровтың айтуынша, еліміздің автоөндірісі осымен қатарынан екінші жыл қалпына келуін жалғастыруда. Автоөндірушілер жаңа жылды жоғары көрсеткіштермен бастағанын да атап өткен жөн.

"Автоөндірістің жалпы көлік нарығындағы үлесі 41%-дан асты. Бұл жақсы көрсеткіш! Яғни, қаңтар айында жаңа автокөлік сатып алған әрбір бес қазақстандықтың екеуі отандық кәсіпорындардың өнімін таңдаған. Сала тарихында осымен екінші рет дәл осындай жоғары көрсеткіш тіркеліп отыр. Қаңтарда отандық автоөндірушілер машина жасау саласының жалпы көлемінің бестен бірін қамтамасыз етті", – дейді Олег Алфёров.

Басқарма төрағасының сөзінше, мемлекеттік жеңілдетілген автонесие бағдарламасының қаңтар айындағы көрсеткіші мәз емес. Айтуынша, оның өзіндік себептері бар. Басты себеп – бағдарламаның үшінші траншының серіктес банктерге енді ғана аударылуы. Сондықтан мемлекеттік бағдарлама аясында көлік сатып алушылар ақпан айында белсенділік танытады деп күтілуде.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу