Қантқа талас бітіп, ұн тапшылығы басталмаса болғаны

Астық өңдеушілер одағы өңірлердегі диірмендердің жартысы жұмысын тоқтатқанын, салдарынан елде ұн тапшылығы туындауы мүмкін екенін хабарлады. Сонымен қатар ұйым елімізде бір жарым аптаға ғана жететін бидай қоры қалғанын айтып дабыл қақты. 

Қантқа талас бітіп, ұн тапшылығы басталмаса болғаны

Егер бидай таусылса барлық диірмендер жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады, деп жазды inbusiness.kz

Қазақстанның астық өңдеушілер одағы таратқан мәліметке сүйенсек, бұрын диірмендер бидайдың бір тоннасын 114 мың теңгеден сатып алса, қазір баға 160 мың теңгеге жеткен. Бірақ оның өзін табу оңай емес. Ал бір тонна астық 160 мың теңге болса, ұнның құны қазірдің өзінде 224 000 теңгені құрайды. Бұл дегеніміз нарықтағы бағасы 235 мың теңгені құрайды деген сөз. Осыған байланысты елде ұн тапшылығы туындап, нан қымбаттауы мүмкін.

"Қостанай облысында диірмендердің жартысынан астамы, Қарағанды облысында 15 диірмен жұмысын тоқтатты. Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары мен Алматыда да диірмендердің басым бөлігі жұмыс істемей тұр. Біз, диірменшілер, екі-үш аптадан бері бидай сатып ала алмай отырмыз. Себебі ұсыныс жоқ. Осының нәтижесінде ұн бағасы қымбаттайды. Қымбатшылықтан қашып құтылу мүмкін емес, себебі біз өндіретін өнімнің өзіндік құнының 85%-ы шикізатқа тәуелді", – деп жазылған Астық өңдеушілер одағы таратқан хабарламада. 

Қымбатшылыққа Ресей мен Украина кінәлі

Мұндай жағдай Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс салдарынан туындап отыр. Қос ел әлемдегі бидай қорының 30%-ын қамтамасыз етіп келген. Ал енді экспорт толық тоқтады. 

Бұл ретте елдегі диірменшілер ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен шара қабылдауды талап етіп отыр. Олар бидай экспортын тоқтату қажеттігін алға тартуда. 

Ал жауапты ведомство жаһандық астық нарығындағы негізгі екі ойыншы Ресей мен Украина уақытша сауданы шектеп, көрші нарықтарда сұраныс артқанын хабарлады. 

“Бізге Түркия, Пәкістаннан импорттаушылар келіп жатыр. Көбінесе арпа сатып алатын Иран 2 млн тоннаға дейін бидай сатып алатынын мәлімдеді. Өкінішке орай мұндай кезде кәсіпкерлер ішкі нарықты емес, өнімді қымбатырақ сатуды ойлайды”, – деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігінің Егіншілік департаментінің директоры Азат Сұлтанов "Атамекен" ҰКП отырысында.

Қамба толы бидай, бірақ оның қызығын кім көреді? 

Диірмендердегі астық тапшылығы  кезінде елімізде өсірілген бидайдың көбі сыртқа экспортталуда. Мәселен, Павлодар облысындағы 20-дан астам диірмен өкілдері соңғы он жылдан бері жергілікті шаруалар өсірген астықты сыртқа шығаруға шектеу қоюды сұрап келеді. Себебі астық өсірушілер күзде жиналған өнімді қамбаға құюға емес, сырт мемлекеттерге сатуға тырысады. 

Салдарынан ішкі нарықта бидай тапшылығы туындап, жергілікті ұн өндірумен айналысатын кәсіпорындар астықты Ресейден сатып алуға мәжбүр болды. Бірақ көрші мемлекет наурыздың ортасынан бері бидай экспорттауға шектеу қойды. 
Павлодар облысындағы Қазақстанның астық өңдеушілері одағының өкілі Жанар Серімованың сөзінше, шаруалар диірмендерді бидаймен қамтамасыз етуге қауқарлы, алайда оларға сыртқы нарық "қызығырақ". 

“Павлодар облысындағы астық өңдеушілерге бір жылда 600 мың тонна шикізат керек. Ал шаруалар жылына 750 мың тоннадан астам өнім жинайды. Өңірде жалпы сұраныстан артық көлемде бидай өсіріледі деуге болады. Алайда оның барлығы сыртқа экспортталып жатыр. Аумақтық инспекцияның мәліметіне сүйенсек, былтыр 550 мың тонна, биыл жыл басынан бері 160 мың тонна астық Өзбекстан, Ауғанстан елдеріне экспортталды. Ішкі нарықта өнім қалмағандықтан, Ресейдегі шаруаларға тәуелдіміз”, – деді одақ өкілі жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында. 

Жалпы 2021 жылы Қазақстан 434,2 млн доллар сомасына 1,4 млн тонна ұн экспорттады. Бұл елдегі барлық ресурстардың жартысы. ТМД елдеріне 154,2 млн АҚШ долларына 541,1 мың тонна ұн жөнелтілді. Мұнда Қазақстанның негізгі экспорттық бағыты Өзбекстан болды (372,9 мың тонна – бір жыл бұрынғыдан 9%-ға артық). Одан кейінгі орында Тәжікстан мен Түркіменстан. ТМД-дан тыс елдерге 280 млн долларға 902,2 мың тонна ұн жөнелтілді. Негізгі көлем дәстүрлі түрде Ауғанстанға тиесілі (895,5 мың тонна), алайда бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 22,2%-ға аз.  

Еске сала кетсек, бұдан бір ай бұрын Қазақстанда ұн өндіру үшін астық тапшылығы туындағаны туралы ақпарат тарады. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәлімет шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген. 

Министрлік ішкі нарықта сырттан әкелінетін шикізатты алмастыруға қауқарлы шикізаттың қажетті көлемі бар екенін хабарлады.

"Республикада 7,4 млн тонна бидай бар. Елдің қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету үшін (егіс қажеттіліктері, жемшөп, азық-түлік тұтыну және өнеркәсіптік өңдеу) 3,7 млн тонна бидай қажет. Осылайша, қолда бар қорлар елдің бидайға деген екі жылдық қажеттілігін жабады", – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ министрлік Қазақстанда ұн қорының жеткілікті мөлшері бар екенін хабарлады. 

“137,9 мың тонна ұн бар, оның ішінде өңірлік тұрақтандыру қорларында 11,2 мың тонна, сауда объектілерінде 53,2 мың тонна, өндіруші кәсіпорындарда 52,8 мың тонна, қоймаларда 20,7 мың тонна бар”, – деп хабарлаған еді министрлік. 

Құралай Құдайберген 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу