Канвон-2024 қысқы жасөспірімдер олимпиадасы: 30 қаңтардағы жарыс нәтижесі

698

Бүгін Қазақстан спортшылары шаңғымен жарыс және кёрлингте бақ сынады. 

Канвон-2024 қысқы жасөспірімдер олимпиадасы: 30 қаңтардағы жарыс нәтижесі Фото: gov.kz

7,5 км классикалық әдіспен жарыста қыздар арасында Виолетта Митропольская (24:06.8) 25-сатыға табан тіреді. Милана Мамедова болса 27:28.8 секундтан соң жарысты тәмамдап, 52-ші болды. Алтынды Финляндия атлеті Нелли-Лотта Карппелин (22:19.6) мойнына тақты. Күміс пен қола Франция құрамасындағы Агазе Маргрейзер (22:30.1) мен Аннет Коупаттың (22:32.3) еншісінде кетті.

Ұлдар арасында Берік Боранбаев (21:39.9) мәре сызығын 35-ші, Аубәкір Тотанов (21:59.7) 40-шы болып кесті. Мұнда Германия спортшысы Якоб Элиас Мох (19:47.2) ешкімге дес бермеді. Одан кейін Джонас Меллер (Германия, 19:52.6) мен Гуентин Леспин (Франция, 19:54.1) жайғасты. Ертең, 31 қаңтарда аралас командалық эстафета өтеді.

Ал кёрлингтен Ұлттық құрама топтағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ибрагим мен Мерей Тастеміровтер Италиядан келген құрдастарынан (Виттория Майори/Эллиа Энчелатти) 10-2 есебімен басым түсті. Ертең Қазақстан мен Дания арасындағы матч Астана уақытымен сағат 9:30-да басталады.

Қазір Қазақстан делегациясы 1 алтын, 2 қола медальмен жалпы есепте 18-сатыда тұр. Елімізге алғашқы алтынды Илья Мизерных сыйласа, Полина Омельчук (шорт-трек) пен хоккейден Ұлттық құрама қола медаль жеңіп алған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу