"Қаныш" фильмі көрерменге жол тартты

8196

Толықметражды көркем фильм алты сериялы "Қаныш. Қазына" телехикасының негізінде жасалған. 

"Қаныш" фильмі көрерменге жол тартты Фото: студия «Aray Media Group»

2 ақпаннан бастап қазақтың белгілі ғалымы әрі біртуар геологы Қаныш Сәтбаевтың өмір жолын баяндайтын "Қаныш" телехикаясының толықметражды нұсқасы кинотеатрларда көрсетіледі, деп жазады inbusiness.kz.

Фильмде Қарсақпай жерінде Қаныш Сәтбаевтың мұрындық болуымен әлемдегі ең бай тау-кен орнының қалай ашылғандығы туралы баяндалады. Бұдан бөлек қазақ тарихындағы қиын-қыстау кезеңдер – зұлмат жылдары, қуғын-сүргін де көрсетіледі.

Авторлар Қаныш Сәтбаевтың тек мықты геолог қана емес, ондаған баланы аштықтан аман алып қалған ерекше тұлға екенін көрсете білген.

Толықметражды көркем фильм "Қазақстан" ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша 2021 жылы түсірілген алты сериялы "Қаныш. Қазына" телехикасының негізінде жасалған.

"Бұл фильм арқылы халқымыздың тарихындағы ерекше тұлғалардың жолын көрсетуге тырыстық. Соларға қарап, өскелең ұрпақ бой түзер деген үмітіміз де бар. Қаныш Сәтбаев 27 жасында білімі мен табандылығының арқасында сол кездегі ең ірі мыс кен орындарын ашып, кейін Қазақстанда металлогения мектебінің негізін қалады. Материалға үңіліп, ғалымның өмір тарихымен, кәсіби қызметімен танысып, ол кісінің ерік-жігеріне таңғалдым. Отбасындағы қайғылы оқиғаларға қарамастан, халқына қызмет етіп, тер төкті, ғылыммен айналысты" – деді фильм және сериал режиссеры Ерлан Нұрмұхамбет.

Түсірілім нысандарын безендіру үшін көп жұмыс атқарылды. Павильондарда ғалым өмір сүріп, еңбек еткен жерлерді егжей-тегжейлі көрсеткен орындар, кеңселер, пәтерлер, зертханалар салынған. Қарсақпай ауылында тұтас ғимараттарды сол дәуірге сәйкестендіріп жөндеуге тура келген.

"Қанекең - қазақтың мақтаныш перзенті. Мұндай адам жүз жылда бір-ақ рет туады, тумауы да мүмкін. Ол еңбекке жаралған адам. Ешкім білмейтін, жердің түкпірі дейтін Жезқазғанның жерінде он бес жылдай жұмыс істеп, зерттеуді бастаған. Сол кезде Жезқазғанның мысы барын біледі. Қызметін үкімет Алматыға ауыстырғанға дейін Қанекең Жезқазғанның жер асты байлығын дүниежүзілік алыптардың қатарына қосқан", - деді "Қазақтың Қанышы" кітабының авторы, қаламгер Медеу Сарсеке.

Телехикая мен фильмді жасап шығаруға Eurasian Resources Group (ERG) және "Қазақмыс" холдингі қаржылай қолдау көрсеткен.

"Әлеуметтік және білім беру жобаларын жүйелі түрде қолдау – біздің корпоративтік жауапкершілігіміздің негізі. Біз білім беру бастамаларына ерекше көңіл бөлеміз. Қаныш Сәтбаев сынды біртуар тұлғаның өмірбаяны – жас қазақстандықтарға тамаша үлгі-өнеге. Академик Сәтбаев геология ғылымының ең ірі ғалымы болды және солай болып қала береді. Бірақ оның қызығушылығы мен білім аясы кең болып, жаратылыстану ғылымдарының шеңберінен асып түсті. Фильм қалың көрерменге қазақтың біртуар ғалымының өмір жолын баяндап қана қоймай, ғылымды кеңінен насихаттауға, жастардың білім аясын кеңейтуге септігін тигізеді деп сенеміз" - деп атап өтті Eurasian Resources Group басқармасының төрағасы Серік Шахажанов.

Бас продюсердің бірі Айгүл Байбектің айтуынша, көркем фильм сериалдан жиналса да, оны басқа туынды деуге болады.

"Өйткені мұнда драматургия бойынша басқа дүниелерге басымдық берілді. Егер алты сериалы телехикаяда Қаныш Сәтбаевтың көптеген үлесі айтылса, фильмде ашаршылық кезінде оның ерлігі мен адамдық қасиетін, зұлмат жылдарын көрсеткіміз келді. Фильмнің бояуы да ақ-қара түсті. Себебі туындыда құнды архивтік материалдар бар. Сондықтан фильм жақсы үйлесім табуы үшін ақ-қара формат таңдалды", - деді Айгүл Байбек.

Басты рөлді сомдаған актер Әсет Есжанның сөзінше, халық оны бүгінде Қаныш образымен танып жатады.

"Шынымды айтсам, мен Қаныш Сәтбаевты академик, геолог, Ғылым академиясының президенті ретінде ғана таныдым. Осы образды сомдау арқылы Қаныш атамыздың жан-жақты, тек ғылымға ғана емес, әдебиетке, мәдениетке сіңірген еңбегінің орасан зор екеніне көзім жетті. Мысалға, қазақтың 1000 әнін жинаған Затаевичке жиырма шақты ән тауып бергені, домбыра тартып, әншілік өнерінің болғаны, "Ер Едіге" дастанын парсы-араб сөздерінен тазартып, қазақы оқырманға жазып бергені, бастауыш сыныптарға алгебра пәнін жазғаны - айта берсек көп. Ол халқының өмірін өзінен мың есе артық қойған, ұлтқа қызмет еткен тұлға", - деп атап өтті актер.

Бұдан бөлек түсірілім барысында ең есте қаларлық сәтпен де бөлісті.

"Қарсақпайда түсіріп жатқан кез. Ол әпкесі Ғазизамен үнемі хат алмасып отырған. Кеңес үкіметі ғалымның әкесін, ағасын халық жауы деп таныды. Қаныш Сәтбаев өз әулетімен ашық түрде қарым-қатынаста бола алмаған. Жасырын түрде оларға азық-түлік, ақша жіберіп отырған. Зұлмат жылдары оған бір хат келеді, ауылына барса, әпкесі ашаршылықтан қайтыс болып кеткен. Ауырып тұрып бұл сахнаны ойнау, сол кезде түнгі 4-5 сағаттық түсірілім мен үшін өте қиын болды. Бүкіл түсірілім күндерінің ішінде сол күн естен кетпейді", - деді Әсет Есжан.

Осы тұста "Қаныш" фильмі халықаралық марапаттарды иеленгенін де атап өту керек. "Literature in Cinema" халықаралық кинофестивалінде (Аргентина) "Үздік фильм" жүлдесін, "Athvikvaruni International Film Festival" халықаралық кинофестивалінде (Үндістан) үш номинацияны ("Best asian feature film", "Best concept", "Best environment/nature feature film") жеңіп алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу