Капитанның оралуы

1334

"Астана" футбол клубының жаңа бас бапкері қызметіне ресейлік маман Андрей Тихонов тағайындалды, - деп хабарлайды "Астана" футбол клубының баспасөз қызметі.

Капитанның оралуы

50 жастағы ресейлік маман футбол жанкүйерлері арасында "Спартак" және Ресей құрамасы сапында көрсеткен өнерімен танымал. Ол "ақ-қызылдар" сапында 8 рет Ресей чемпионы атанды. Тихоновтың мансабында мәскеулік клубтан кейін "Крылья Советов", "Химки", "Маккаби Тель-Авив" (Израиль) және "Локомотив" (Астана) клубтары болды.
Андрей Валерьевич "Астана" клубының тарихындағы алғашқы капитан. 2009 жылы чемпионаттың үздік ойыншысы атағын жеңіп, чемпионаттың күміс жүлдесін иеленіп, ұзақ уақыт бойы клуб тарихындағы ең үздік ассистенттер тізімінде болды.

Тихонов ойыншы ретіндегі мансабын аяқтағаннан кейін "Спартак" (Мәскеу), "Спарта" (Щелково), "Краснодар", "Енисей" және "Крылья Советов" клубтарында қызмет атқарды.

Сонымен қатар бүгін "Астананың" жаңа бас бапкерінің туған күні. Елордалық клуб Андрей Тихоновты туған күнімен құттықтады.

""Астана" футбол клубының ұжымы команданың бас бапкері Андрей Тихоновты 50 жасқа толған туған күнімен құттықтайды! Андрей Валерьевичке зор денсаулық, отбасына амандық және елорда командасымен бірге жарқын жеңістер тілейді!" - деп хабарлады клубтың баспасөз қызметі

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін елордалық клубты Михал Билек жаттықтырған. 55-жасар Билек "Астанаға" бапкерлік қызметке қаңтар айында украиналық Роман Григорчуктың орнына келген болатын. Сондай-ақ чехиялық маман Қазақстан Ұлттық құрамасын да жаттықтырады. Оның жетекшілігімен Ұлттық құрама Еуро-2020 додасына іріктеу ойындарында өз тобында 5-орын иеленсе, "Астана" Қазақстан Суперкубогін жеңіп алды. Дегенмен ол клуб басшылығы қойған тапсырманы орындай алмады деп қызметінен кеткен еді. Ал, оның орнына Пол Эшуорт бас бапкер міндетін атқарған болатын. Пол елордалық клубта 2019 жылдан бастап атқарушы директор лауазымында жұмыс істеді. Дегенмен, оның келісім-шарт мерзімі аяқталғандықтан 8-қазан күні қызметінен кеткен болатын. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу