Қырғызстан бүгін, 18 қазаннан бастап Талас облысы Қара буура ауданындағы Киров су қоймасының суын толығымен жібереміз деп отыр. Қырғызстан ауыл, су және тамақ өнеркәсібі министрлігінің хабарлауынша, іргетасы 1975 жылы қаланған Киров су қоймасына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Талас су қоймасындағы судың 12 пайызын ғана Қырғызстан, ал қалғанын Қазақстан пайдаланып келген. Министрлік жөндеу жұмыстары туралы Қырғызстандағы Талас облысы, Манас ауданындағы және Қазақстандағы Шу-Талас аймағындағы су инспекциясына ескерткенін айтып отыр.
Мамандар қара күзде қамданбасақ, ерте көктемде Тараз қаласы мен өзенге жақын орналасқан үйлерді су басуы мүмкін екенін, және одан келетін шығын Қызылағашты екі есе болатынын айтып отыр. Себебі осыдан оншақты жыл бұрын бұрын қырғыз жағы Киров су қоймасына жартылай су жіберген кезде біраз үйді су шайып кетіпті. Енді қырғыз жағы суды толық ағызамыз деп отыр. Егер Киров су қоймасына қауіп келсе, Тараздан небәрі 20 шақырым жердегі қойма суы әп-сәтте бүкіл қаланы ағызып әкетері сөзсіз.
Мамандар Киров су қоймасын қырғыздар Манас ауданын сумен қамту үшін ғана пайдаланатынын, су қоймасының Қазақстанның мақсаты үшін жұмыс істеп тұрғанмен, қырғыз елінің балансында тұрғанын айтады. Кезінде қырғыз жағы қойманы күрделі жөндеуге жұмсалатын қаржыны екі ел бірігіп шығару керек деген ұсыныс айтқан. Тіпті Қазақстанға ұзақ уақытқа жалға беру туралы қырғыз жағынан көтерілген. Бірақ ол ұсынысқа біздің тарап құлақ аспапты. Тіпті бірігіп қаржылындыруға ниет етпеген де.
Экс-депутат Аманкелді Момышев 2010 жылы 27 мамырда Киров су қоймасы жарылса қала мен қала маңындағы елдімекендерге орны толмас зардап келетінін айтып, сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімовтың атына хат жазған. 2013 жылдың 8 шілде күні Талас облысы Қарабура ауданы тұрғындары Қазақстанмен арадағы шекара бөлісімен келіспей, Қазақстанның Жамбыл облысындағы егіс алқаптарына су жібермей қойған болатын. Киров су қоймасына қатысты мәселе биыл да шешімін таппағанын білдік. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың осы жылдың басында Қырғызстаның Талас облысына жасаған жұмыс сапары барысында салынғанына жарты ғасырға жуықтаған Киров су қоймасының енді күрделі жөндеуден өткізілетіні айтылған. Бірақ жөндеу жұмыстарының қашан басталатыны белгісіз болғанмен, бір-біріне көрші қонған екі елдің өңір басшылары су қоймасына жиналған суды келісілген нормада жіберіп тұру үшін уағдаласыпты.
Осыдан жеті жыл бұрын парламентте су қоймасының жайын көтеріп, үкіметке сауал жолдаған Аманкелді Момышев су қоймасының 1993 жылдан бері жөндеу көрмегенін айтады.
"Төтенше жағдай болса, қырғыздар емес, негізінен қазақтар зардап шегеді. Сондықтан су қоймасы қырғыз жерінде, солардың иелігінде деп қамсыз отыруға болмайды. Мемлекетаралық Киров су қоймасының қауіпсіздігін толықтай Қазақстанның міндетіне алуы жөнінде уағдаластыққа қол жеткізу керек. Қырғыздағы жағдай белгілі. Қырғыз үкіметімен бірлесе су қоймасының қауіпсіздігін заңдастырып, үкімет тарапынан арнайы тексеру жүргізіп, қауіпсіздік шараларын іске асыру үшін комиссия құрылуға тиіс. Киров су қоймасының қауіпсіздігін толық өз қолымызға алмайынша, Жамбыл облысының тұрғындары үреймен өмір сүрері анық", – дейді Аманкелді Момышев.
Саясаттанушы Расул Жұмалы бұл мәселенің шешілуі тым ұзаққа созылып кеткенін айтады. Трансшекаралық өзендердің жоғарғы жағында тұрған Қырғызстан мен Тәжікстан жаңа гидроэлектрстанцияларын салып, суларды бөгеп алды.
"Кезінде Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Кәрімов "Бұл мәселелер өстіп созыла беретін болса, ерте ме, кеш пе, аймақта қақтығыстың тууына әкеп соқтыруы мүмкін" деген пікір айтқан еді. Ал шын мәнінде бұл ауыл арасындағы ғана мәселе болатын. Сол себепті мен бұл мәселе осымен жабыла қояды деп ойламаймын, керісінше жақын арада одан әрі өрши түседі", – дейді Расул Жұмалы.
Саясаттанушы қырғыз ағайындардың қара күзде мұндай шешім қабылдауының астары теренде жатқанын айтады. Мемлекеттердің оқшаулануы, әртүрлі саясат ұстануы, сыртқы саясаттағы қайшылық бұған себеп болып отыр.
"Қазақ та, қырғыз да Орталық Азияда негізгі ойыншылар емес, сыртқы ірі елдердің жетегіндегі кішігірім мемлекеттер. Сондықтан да су дауы, жер дауы, азаматтардың жүріп-тұруына қатысты кез келген түйткіл – ортақ бір аймақтық мәміленің қалыптаспағанынан болып отыр. Мұндай түсінбестік аймақтық ортақ көзқарас қалыптасқанша жалғаса береді. Біз қырғыз еліне "халықтың қауіпсіздігінен жоғары ешбір мүдде жоқ. Бөгеттің жөнделуіне қанша қаржы қажеттігін арнайы топ тексерсін, біз қаржы бөлеміз" деген ұсыныспен шығуға тиіспіз. Одан өзге жол жоқ. Себебі бір облыстың жеріне су басу қаупі төніп тұр. Қырғызстанмен арадағы жағдай мәз емес. Онда елшіміз де жоқ. Министрге ақпарат берумен шектелетін емес, қырғыз-қазақ халықтары арасында салмағы бар, айтар сөзіне екі жақ та ден қоятын мықты елші керек", – дейді Расул Жұмалы.
Гүлбаршын Сабаева