Қара жәшік мемлекеттік комиссияда

3404

Қазақстанда Ми-8 тікұшағымен ұшуға тыйым салынды.

Қара жәшік мемлекеттік комиссияда

Қызылорда облысының Жалағаш ауданында 27 наурыз күні МИ-8 тікұшағымен апатқа ұшыраған 9 әскери қызметкердің жаназасы шығарылды. Қалған 4 адамның мүрдесі кешке дейін туған жерлеріне жеткізіледі. ҚР Қарулы күштері әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Дәурен Қосанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осылай деді.

Қазақстан Қарулы күштерінің атынан марқұм болған әскери қызметкерлердің отбасыларына көңіл айтқан Дәурен Қосанов апатқа ұшыраған тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкентке бет алған 4 әскери тікұшақ құрамында болғанын, экипаж мүшелері 13 адамнан құралғанын, олардың барлығы қайтыс болғанын күрсініспен жеткізді.

"Астана уақыты бойынша 18.20-18.30 минут аралығында 4 тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып келе жатты. Жалағаш ауылының маңында олардың бірі апатқа ұшырады. Өкініштісі, тікұшақтағы әскери қызметкердің барлығы қаза болды. Тікұшақта майор Роман Костыгов командир болды. Ол 2 - санатты ұшқыш еді. Апаттан соң мемлекеттік комиссия мүшелері Қызылорда облысының әуежайына ұшып барды. 9 жігітті туған жеріне жерледік. Қазір елорда да гендік сараптама жүріп жатыр. 4 жігіттің денесін бүгін туған топырағына жеткіземіз", – деді Дәурен Қосанов.

Оның сөзінше, ҚР заңына сәйкес, қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасына бір реттік өтемақы түрінде марқұмдардың 5 жылдық жалақысы беріледі.

"Қайтыс болған әскери қызметкерлерді жерлеу рәсімінің шығындары толық  өтеледі. Отбасы мүшелерінің саны бойынша баспанаға қатысты өтемақы төленеді және отбасы мүшелеріне қызметтік баспананы заңдастыру құқы беріледі", – деді Дәурен Қосанов.

Әскери-әуе күштері қолбасшысының мәлімдеуінше, қазір мемлекеттік комиссия тікұшақ апатына түркі болған себеп нұсқаларын зерттеп жатыр.

"Ми-8 тікұшағы 1988 жылы шыққан. Алматы қаласындағы №405 авиажөндеу зауытында күрделі жөндеуден өткен. Зауыттан шыққаннан кейін тікұшаққа әуеде 2 мың сағат немесе 8 жыл ұшу ресурсы беріледі. Бүгінге дейін тікұшақ әуеде 773 сағат ұшқан. Техникалық тұрғыда тікұшақ ақаусыз болған. Мемлекеттік комиссия тергеу жүргізіп жатқандықтан, Ми-8 тікұшағымен ұшуға тыйым салынды. Жалпы, Ми-8 қарапайым әрі сенімді тікұшақ. Ол басқа тікұшақтардан сыйымдылығымен ерекшеленеді. Бұл тікұшаққа көп адам сияды", – деді Дәурен Қосанов

Сөз арасында ол тергеу амалдары жүріп жатқандықтан қорытынды мәлімдеме жасауға болмайтынын атап өтті.  

"Апаттың нақты себебі ресми хабарланады. Қазір апатқа түрткі болуы ықтимал себептер сараланып жатыр. Техника істен шықты ма, адами фактор болды ма, метеожағдай әсер етті ме, бұл туралы мемлекеттік комиссияның қорытындысында айтылады. Мен комиссия мүшесі емеспін, сондықтан бұл туралы пікір білдіруге қақым жоқ. Қара жәшік мемлекеттік комиссияда. Бізге оны тексеру құқы берілмеген", – деп түйді ойын әскери-әуе күштерінің қолбасшысы.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу