Қарабастағы 11 отбасы өз пәтерлерінен көшіріледі

1582

Қарабас кентіндегі 1- үйдің тұрғындары 2020 жылға дейін өз баспаналарын босатулары қажет.

Қарабастағы  11 отбасы өз пәтерлерінен көшіріледі

Қарағанды облысының Қарабас кентінен шу шықты. Қарабастың шеткі жағында орналасқан 35 нысандағы 1-үйдің тұрғындарын жергілікті билік  басқа жерге көшіруді қолға алып жатыр. Ал Қарабастан көшкісі келмеген жұрттың әкім қараларға деген өкпелері қара қазандай. Қарабас тұрғындары мемлекет тарапынан пәтерлері үшін берілетін өтемақының тым аз екенін айтады.  Былтырдан бері шенеуніктер тұрғындардың баспаналарын мәжбүрлі түрде  иеліктен шығаратындары жөнінде ескертіп келген. Мұндағы бір бөлмелі пәтерді 600 мыңға үш бөлмелі баспананы 1 млн 300 мың теңгеге бағалапты.

"Менің бір бөлмелі пәтерімді алты жүз мың теңге  деп бағалап қойыпты. Сонда мен бұл ақшаға гаражда сатып ала алмаймын ғой. Біз Қарабастың шетінде тұрамыз, сондықтан мал сатып алғанбыз, қора салып алдық. Шындығында малдың арқасында күнелтіп отырмыз. Енді қайда барамыз,беретін ақшалары тым аз",– деп қынжылады Қарабас кентінің тұрғыны Ермағанбет Батталов.

Айта кету керек Қарабас кентінде түзету калониясы бар. Бүгінде дау туғызып отырған үйге әскерилердің көзі түсіпті. Үйдің орнына мини әскерилер үшін ғимарат салуды жоспарлаған. Бұл үйдің орнына әскери ғимарат салынады. Алайда жұрт мұнда жиырма жылдай тұрып келе жатыр. Олар өз қаражаттарын жұмсап,үйге толығымен коммуникация жүргізіп алған. "Енді билік тарапынан берілетін қаражатқа су мен кәріз жүйесі тартылмаған ескі үйлерден ғана пәтер алуға болады" деп ашынады тұрғындар . Заңға сай мұндай жағдайда тұрғындарға өтемақы төленеді немесе  баспана тауып береді. Алайда  ұсынған пәтерді ала салғысы келгендер көрсетілген баспананың сыйқын көріп, көңілдері қалып отыр.

"Ұсынып отырғандары ағаш үйлер, біздің үй кірпіштен салынған, әрі олардың пәтерлерінің сапасы өте нашар. Мен неге өзімнің талай жыл тер төгіп жөндеп келген баспанамды нашар пәтерге айырбастай салуым керек, мен бұған келіспеймін, 2020 жылға дейін үйді босатыңдар деп мәжбүрлеп отыр", – дейді Қарабас кентінің тұрғыны Еркебұлан Адембаев.

Қарабас кенті әкімі тұрғындардың пәтерін тәуелсіз бағалаушы мамандар нарық заңына сүйене отырып бағалады дегенді айтады.

"Қорғаныс жəне ұлттық қауіпсіздік қажеттілігіне байланысты, Қарабас кентіндегі 35- нысандағы 1-үйдегі  1-16 пәтерлерді мемлекет мұқтаждығы үшін иеліктен шығаруға қаулы шығарды.Бүгінде өтемақы көлемі анықталды,тұрғындардың қолына сатып алу туралы келісімдері берілген болатын", – деп мәлімдеді Қарабас кентінің әкімі Әлібек Әліпбеков.

Дау дамайға ұласқан үйдің орнында алдағы жылдың наурыз айында құрылыс жұмыстары басталады. Алайда тұрғындар аз қаражат ұсынғандықтан, орнымыздан жылжымаймыз деп бекініп отыр.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу