Қарағанды ескі-құсқы қалаға айналып, қирай бастады

7706

Еліміздегі ең көне тұрғын үй қоры Қарағанды облысында екені анықталды.

Қарағанды ескі-құсқы қалаға айналып, қирай бастады Фото: krotinfo

Ұлттық статистика бюросы алаңдатарлық деректерді жария етті. Қазақстандағы көлемі жөнінен ең алып аймақ және сонысымен мемлекеттік деңгейде стратегиялық маңызға ие Қарағанды облысы кері кетіп барады.

Жалпы ауданы 239,1 мың шаршы шақырымды алып жатқан, аумағына 118 мың (!) Монако сыйып кететін ұланбайтақ осы өңірде бүгінде шағын бір мегаполистегідей ғана халық қалған. 2024 жылғы мамырдағы жағдай бойынша Қарағанды облысында 1 млн 135 мыңдай тұрғын өмір сүріп жатыр.

Соның ішінде басым көпшілігі, 81,7%-ы немесе 927,2 мың адам қалаларда шоғырланды. Салдарынан, Қарағанды облысының ауылдары жаппай босауда. Ұшантеңіз Сарыарқа даласында тұрғындардың жалпы санының 18,3%-ы немесе 207,8 мың адам қалған.

Оның үстіне, Ұлттық статбюро мамандарының айтуынша, облыс тұрғындарының саны барған сайын азаюда.

"Халықтың табиғи өсімі 2024 жылғы қаңтар-сәуірде небары 1 518 адамды құрады. Салыстырғанда, былтырғы сәйкес кезеңде 1 706 адам болған. Биылғы 2024 жылғы қаңтар-сәуірде Қарағанды облысында 5 115 сәби дүниеге келді. 2023 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 3,2% азайды. Қайтыс болған қарағандылықтардың саны 3 597 адамды құрады және 2023 жылдан бері 0,6% өсті. Облыста теріс көші-қонның айырмасы қалыптасуда және -1 909 адамға жетті. 2023 жылғы қаңтар- сәуірде -720 адам болған", – деді Ұлттық статбюро мамандары.

Адамдарының саны жыл сайын қарқынды азайғанына қарамастан, қарағандылықтар өңірде баспанасыздық проблемасы өршіп тұрғанына шағымданады. Мұны тіпті ресми статистика да растайды. Тұрғын үй құрылысы кері кетіп, өсім "статистикалық ағаттық" деңгейіне дейін түскен. Соның ішінде жеке үйлер салу саласы үрейлі қарқынмен деградациялануда.

Сонымен, 2024 жылғы қаңтар-мамырда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы небәрі 2,7% өсті және 213,7 мың шаршы метрді ғана құрады. Мұндағы үлестің басым көпшілігі көппәтерлі тұрғын үйлерге тиесілі – 181,4 мың шаршы метр. Бұл ретте, биыл пайдалануға берілген жеке тұрғын үйлердің жалпы алаңы – бірден 14,5% азайды. Тиісінше, биыл 30,6 мың шаршы метр ғана жеке үй бой көтерген.

Ranking мониторинг агенттігінің сарапшылары да Қарағанды облысында қалыптасып жатқан күрделі ахуалға Астанадағы биліктің назарын аудартты.

Әйтпесе, Үкіметті тыңдасаңыз, Қазақстан тұрғын үй құрылысы саласында үнемі рекорд жаңартып, ел гүлденіп жатқандай. Бәлкім, Алматы мен Астанада серпін сұрапыл шығар, алайда елорданың дәл іргесіндегі Қарағанды өңіріндегі жағдай керісінше, көңіл құлазытады. Қазақстандықтардың және шетелдік қонақтардың әлеужеліде жазып жүргеніндей, көркем "витринаны" емес, республикадағы нақты, нағыз ахуалды білгісі келген адам Қарағанды облысына сапарлағаны жөн.

"2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша Қазақстандағы тұрғын үй қорының 30%-ы өткен ғасырдың 70-ші жылдарына дейін қолданысқа берілді, яғни пайдаланғанына жарты ғасырдан көп асып кетті және бүгінде әбден көнерген саналады. Өңірлер бөлінісінде ескі үйлер проблемасы айтарлықтай өршіп барады. Мысалы, бұл рейтингте Қарағанды облысы алдына қара салмайды. Онда іске қосылғанына 50 жылдан қатты асып кеткен ескі үйлердің саны ең көп – 60,2% немесе 58 мың үй! Одан кейін көнеру жөнінен Шығыс Қазақстан облысы келеді: 51,2% немесе 55,6 мың үй. Үштікті Павлодар облысы тұйықтады: 49% немесе 37,2 мың үй. Осылайша, бұл облыстарда ескі тұрғын үй қорының үлесі тым басым, бұл – өте жаман жағдай", – деді Ranking сарапшылары.

Масқарасы сол, бір миллионнан сәл асатын тұрғыны ғана бар Қарағанды облысында "тарамысына ілінген, қабырғасы ырсиған" ескі үйлердің саны (58 мың) екі жарым миллиондай халқы бар ең ірі мегаполисіміз Алматы қаласындағыдан (42,9 мың) да айтарлықтай көп.

Содан болса керек, Қарағанды облысы – "Қарағанды. Жоғалып кетпей тұрғанда" (Караганда. Пока не исчезло, @pokaneischezlo.krg) қозғалысы туындаған жалғыз өңір. Оның аясында қарағандылықтар және қала қонақтары жыл сайын жүнжіп бара жатқан Қарағандының қазіргі фотобейнесімен бөлісіп, оны архивтік фотосуреттермен салыстырады.

"Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында біздің Қарағанды бой көтерген бастауы бүгінде "Ескі қала" аталады. Қаланың ол жұртынан жұрнақ та қалмай барады. Қазіргі кезде қу медиен далаға айналып, қалың шөп пен арамшөп басып кеткен аумақта бірер онжылдық бұрын ғана қалалық парк болғанын енді көзге елестету қиын. Онда балалар карусельдерде көңіл көтеріп, шат-шадыман болатын. Ересектер жағы ауыр еңбек аптасынан кейін түп-түзу, абаттандырылған аллеяларды аралап, серуен құратын. Сол кезде машиналар, автобустар жүйткіген кең жолақты асфальт жолдардан бүгінде далалық ойдым-ойдым қара жолдар қалған. Онда тіпті трамвай жолдары да төселіп еді. Сол заманда болған көп қабатты тұрғын үйлер қирап, терезелері үңірейіп тұр. Дүкендер, ауруханалар, балабақшалар қаңырап бос жатыр", – дейді блогер, жергілікті тұрғын Инна Подольская.

Қазіргі уақытта үйінді болып, төбеге айналып бара жатқан орында бұрын вокзал болған көрінеді, одан қырқыншы жылдары қазақстандық солдаттар Екінші дүниежүзілік соғысқа эшелондармен аттанды. Ол тарихтан енді "тұқыл" қалмайтын түрі бар.

"Біраз ғимараттар бұзылып, кірпіштерге таратылып кетті. Құлазыған қала жұртын аралап, шөпті кешіп келе жатқан жан аратұра кафель-қыштақтаны басып тұрғанын аңғарады. Бұл бұрынғы дүкеннің едені. Құла түзде уақыт пен адамдар бұзған "Қазақ драма театрының" биік ғимараты ғана қалқайып тұр. Тіпті қазіргі сұрқай, сұмдық жағдайының өзінде бұл нысан бұрынғы ұлылығы мен көркемдігінен хабар береді. Гүлденген тұсында алыстан көз тартар сән-салтанатты, әсем болғанын тек архивтік фотосуреттерден білеміз. Онда кинотеатрлар, қазақ драма театры, балалар үйірмелері жұмыс істеді, өмір қызып жататын. Бұл театрды енді ешқандай билік құтқармайды", – делінген "Қарағанды. Жоғалып кетпей тұрғанда" жобасының сипаттамасында.

Мұндай депрессивті өңірде өмір сүру де тауқымет болса керек, қарағандылықтардың неге көшіп кетіп жатқанын түсінуге болады.

Айтпақшы, өткен апта соңында Қарағанды облысына сапарлаған Үкімет басшысының бірінші орынбасары көңілсіз көрініске қанығып, мұңайып қайтты. Роман Скляр Теміртау қаласында "Qarmet" АҚ ЖЭО-2 жетінші қазандығының құрылысын және ҚарГРЭС-1 жөндеу науқанын көрген болатын. Сонда анықталғандай, бұл қазандық сол бұрынғыдай дайын емес болып шықты.

Бірінші вице-премьерге ЖЭО-2-дегі жетінші қазандықты тек жылыту маусымының басында ғана тапсыру жоспарланғаны баяндалды. Одан да кешікпесіне кепіл жоқ. Өйткені қазіргі уақытта нысанның дайындығы небары 70%.

Желкесін ұзақ қасыған Роман Склярға "жетінші қазандықты мерзімінде тапсыруды, жұмысты күнделікті бақылауды жүзеге асыруды және проблема туындаған жағдайда дереу хабарлауды" өтінуден басқа амал қалмады. Жаны жүдеген қарағандылықтар биылғы қыста да жаурамас па екен?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу