Қарағанды Қазанға жүгері мен жарма жеткізеді

2427

Қазақстан мен Татарстанның тауар айналымы 700 мың АҚШ долларын құрап отыр.

Қарағанды Қазанға жүгері мен жарма жеткізеді

Татарстан астанасында "Ресей – Ислам әлемі: KazanSummit-2019" ІХ Халықаралық экономикалық саммиті аясында қазақстандық кәсіпкерлердің сауда-экономикалық миссиясы өтті. Шара шеңберінде қазақстандық компаниялар ресейлік әлеуетті серіктестерімен кездесіп, келешек жеткізілімдер бойынша келісім жасады.

Сауда-экономикалық миссияға қатысушылардың арасында – жүгері таяқшалары мен жарма өнімдерін шығарушы қарағандылық "Income company" ЖШС болды. Компанияның өнімдері Қазақстанның барлық қалаларында сатылымда, енді қарағандылық кәсіпкерлер Ресей нарығына шығуды көздеп отыр.

"Income company" ЖШС өкілдерінің пікірінше, Қазан қаласы көрші ел нарығында бизнес бастау үшін қолайлы қала.

"Жер картасына қарайтын болсақ, Қазан қаласы Ресейдің бірнеше басты магистралі торабында орналасқанын көруге болады. Осы жерден Мәскеуге, елдің батысына және басқа да маңызды бағыттарға шыға аламыз", – деп жоспарымен бөлісті "Income company" ЖШС өңірлік даму жөніндегі жетекшісі Рустам Нафиков.

Келіссөз барысында 4 ресейлік дистрибьютерлік компания қазақстандық компаниямен келісімшарт жасауға әзір екенін айтты. Осы келісімдерден соң қарағандылық өнім жергілікті сауда нүктелерінде сатылымға қойылмақ.  

Қазан қаласында өткен сауда-экономикалық миссияға 20 қазақстандық компания қатысты. Олар азық-түлік өнімдері, электр техникалық жабдық, химия өнімдері, балалар тауарлары және басқа салаларда тауар шығарумен айналысады. Компаниялардың барлығы өз өнімдерінің әлеуетті сатып алушыларымен кездесті.

"Осыған дейін ұйымдастырылған жоғары кездесулерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Татарстан мен Қазақстанның тауар айналымын 1 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу қажеттігін айтқан болатын. Біздің талдауымызға сәйкес, қазір бұл сан 700 мың АҚШ доллары деңгейінде тұр. Тауарлардың негізгі ағыны Татарстаннан Қазақстанға келеді. Қазақстаннан келетін экспортты өсіру мақсатында біз үздік тауар өндірушілерді осында әкелдік", – деді Қазақстанның сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Аян Еренов.

Татарстанға экспортты арттыруда Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілдігі Қазан бөлімінің рөлі ерекше.

"Біз ресейлік және қазақстандық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетіп отырмыз", –деді Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының сауда өкілінің орынбасары Дамир Әділбеков.

Татарстандағы сауда-экономикалық миссияны Қазақстанның Қазандағы бас консулдығының қатысуымен ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстанның сыртқы сауда палатасы ұйымдастырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу