Қарағанды мектебінде аттестат дауы ушығуда

12763

Оқушылар "жалған" құжатпен білім грантын алған. 

Қарағанды мектебінде аттестат дауы ушығуда

Қарағанды қаласының №86 орта мектебіндегі жанжал оты қайта-қайта бықсып, былтырдан бері сөнбей жатыр. Бұл мәселемен осыған дейін қала әкімі Нұрлан Әубәкіров айналысыпты. Алайда нәтиже шығара алмады. Нұрлан Ерікбайұлы биылғы 30 қыркүйекте әкім орынтағынан ауып, "Сарыарқа" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына басшы болып кетті. Таяуда ғана Қарағандының тізгінін өз қолына алған Ермағанбет Бөлекпаев бұл іске әзірге мойын бұрмапты.

Ұстаздардың айтуынша, Қарағанды облысы әкімінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары Абзал Нүкенов бұл жайттан хабардар. Тіпті Қарағанды қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Наталья Головина да жағдаймен танысыпты.

Басшы шыдатпайтын мектеп

Қазіргі кезде әділетсіздікке қарсы осы мектептің мұғалімдері Н.Әбілдина мен А.Кишенова айқасып жүрген көрінеді.

"Істің мәнісі мынада: біздің мектептің орыс тілі мұғалімі, жоғары санаттағы педагог Өзбекова бағаларын қолдан жоғарылатып, 3 аттестат берген. Оның үстіне директор Күнеділовтың және директордың оқу бөлімі жөніндегі орынбасары Садықбекованың орнына аттестаттардың біреуіне өзі қол қоя салады. Тіпті мөрді де өзі басқан. Мұндай аттестаттарды алған үш түлек қыз жоғарғы оқу орындарына мемлекеттік грантпен түсті", – дейді мектеп педагогы Нұрлан Әбілдина.

Бұл көзбояушылықты мектеп директоры лауазымында Н.Күнеділовты ауыстырған жаңа басшы Қайрат Кенжеғали әшкерелепті.

Шамалы "лирикалық шегініс" жасай кетсек, Қарағандыдағы дәл осы №86 мектеп тағы бір "сенсациясымен" ақпарат құралдарына шықты: онда былтыр бір аптада 2 рет директор ауысқан. Күнеділов өзге мектепке ауыстырылған соң, 23 қаңтарда бұл мектептің басшысы қызметіне қаладағы №32 мектептің директоры Анатолий Хомин жіберіледі. Алайда бірнеше күн ғана өткенде білім бөлімі онымен арадағы еңбек келісімшартын бұзыпты. Мұны Анатолий Иосифовичтің өзі сұраған. Ресми себеп – денсаулығы сыр берді. Бұл мектеп оған осылай әсер етсе керек. Оқушылардың ата-аналары ұжымда күрделі ахуал қалыптасқанына және директор Хоминді шыдатпай жатқанына шағымданыпты. Бірақ оқу ошағының әкімшілігі де, білім бөлімі де бұл ақпаратты жоққа шығарды, Хоминнің өзі еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеп, кетіп қалғанына сілтеме жасады. 

Содан жергілікті білім шенеуніктері №100 кешкі мектептің директоры, Қайрат Кенжеғалиді ауыстыру тәртібімен №86 мектептің директоры етіп тағайындады. Яғни, ұжымға бір аптада екі рет басшыны таныстыруға тура келген. Қайрат Рақымжанұлының 34 жылдық педагогтік жұмыс өтілі бар.

Қан қысымы, көзілдірік, жалған аттестат

Аттестаттарға қатысты келеңсіз жайтты анықтай сала, Қайрат Кенжеғали бұл туралы қалалық білім бөлімінің басшылығына дереу баяндаған екен. Бөлім өз кезегінде, полицияның оңтүстік-шығыс бөлімшесіне шағым жазған. Педагогтердің айтуынша, бұл істі тексерумен, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің Қарағанды облысы бойынша Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті де айналысты. Барлық факті расталады.

Әйткенмен, 2019 жылғы 12 мамырда барлық іс "қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты" тоқтатылған.

Әділдік орнату жолына нық түскен мұғалімдер бұған қанағаттанбай, Бас прокуратураға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органына арызданады. Нәтижесінде, 2019 жылғы қарашада облыс прокурорының орынбасары Данияр Айтмұхаметов Күнеділовке, Өзбековаға және Садықбековаға қатысты қылмыстық істің негізсіз тоқтатылғаны туралы шағымды Қарағанды полиция басқармасына қайта жолдайды. Прокуратура "тергеу органының істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерттеуді қамтамасыз етпеуіне байланысты қосымша тергеу жүргізу" керектігін нұсқайды.  

Ақыры 2020 жылғы 27 ақпанда, дәл пандемия қарсаңында полиция бұл істі қайта тоқтатқан.

"Оңтүстік-шығыс бөлімінің тергеушісі Е.Қалмағамбетов қол қойған ресми жауап келді. Сотқа дейінгі тергеуді доғару туралы қаулыда масқара дәлел келтіріліпті: "сол кезде Өзбекованың қан қысымы көтеріліп кеткен, соған байланысты оған -8,5 диоптрий орнына -5 болатын линзалы көзілдірік киюге тура келген". Ақылға сыймайтын дәйек. Аталған қаулыда Өзбекованың директор мен завуч орнына маңызды құжатқа қол мен мөр қойып қойғаны туралы бір сөз жоқ. Сонда оған денсаулығының күрт нашарлауы себеп болған ба? Сол нашарлауды растайтын медициналық анықтамасы қайда? Сұрақ көп, жауабы жоқ", – дейді Нұргүл Әбілдина.    

Жалпы, жанжалға іліккен педагог туралы қарағандылықтар әртүрлі әңгіме айтады. Мысалы, 2018 жылдың қаңтарында оның 5-сынып оқушысы Б.Бақтыбайға қол көтергені туралы жергілікті "Новый вестник" газеті жазыпты. Өзіне ұнамаған шәкірттерді кемсітетіні әлеуметтік желіде айтылады. Бәлкім, бұлардың бәрі жала болып шығуы да ғажап емес.

Дегенмен, мектеп директоры Қ.Кенжеғали жалған аттестаттарға қатысты тексеріске бастамашы болғаннан кейін енді Өзбекованың өзі оған қарсы шағым бората бастапты.

"Ол әртүрлі инстанцияларға директорға қатысты жалпы саны 44 шағым түсірді. Өзі бір қиын адам. Карантинге қарамастан мектепке барлық оқушыны жинап алды, сол үшін құзырлы органдар оған әкімшілік айыппұл салады. Іскерлік этиканы бұза отырып, өз сыныбының WhatsApp чатында завучты аты-жөнімен емес, өзі ойлап тапқан лақап аттармен атайтыны бір бөлек әңгіме. Жалпы, түлектердің бағасының қайта бұрмаланбасына және басшылар қолының жасанды қойылмасына кепіл жоқ. Соған кезінде жол бергендердің ешқайсысы жазаланған жоқ қой", – деп күрсінеді мұғалім Н.Әбілдина.

Министр не дейді?

Бұл хабар енді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке жетіпті. Проблеманы шешкен болар?

"Мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжатқа бөгде біреудің сырттан қол қоюы фактісіне қатысты айтарым, бұл мәселені шешу біздің министрліктің құзырына жатпайды. Жасанды түрде жоғары баға қою фактісін 2019 жылы біздің Қарағанды облысы бойынша Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті қарады. Жоспардан тыс тексеру барысында департамент бірқатар оқушының аттестатына қойылған бағалардың олардың қорытынды бағалауларына сәйкес келмейтінін, сондай-ақ оқушыларға объективті емес бағалар түсірілген аттестат берілгенін әшкереледі. Тексеру қорытындысында лауазымды тұлғаларға анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді", – дейді БҒМ басшысы.

Министр 2020 жылғы 11 мамырдағы №190 бұйрығымен педагогтердің этикасын бекіткенін еске салды.

"Педагогтердің оқушыларға қол жұмсауына, әдепке жат қылықтар көрсетуіне қатысты айтарым, аталған бұйрықта педагог этикасының негізгі қағидаттары мен нормалары бекітілген. Білім беру мекемелеріндегі барлық ұстаз соны басшылыққа алуға тиісті. Оны бұзғаны үшін жауапкершілік те қарастырылған. Ендеше мұғалімнің педагог этикасын сақтамауы фактілері бойынша мектептегі Педагогикалық этика жөніндегі кеңеске жүгіне аласыздар. Аталған мәселелер бойынша шағымдарды қарау соның құзырына кіреді", – деп сырғытты Асхат Аймағамбетов өзінің ресми блогында.

Содан кейін әдепсіз педагогтер бетімен кетпегенде қайтеді?

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу