Қарағанды облысы әкімі 2025 жылы су мәселесі толығымен шешіледі деп уәде берді

1547

Балқаш қаласында қосымша су құбырын салуды да назарға алды.

Қарағанды облысы әкімі 2025 жылы су мәселесі толығымен шешіледі деп уәде берді Фото: Ашық дереккөзден

Қарағанды облысы әкімі 2025 жылы су мәселесі толығымен шешіледі деп уәде берді. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Бөлекпаев Ермағанбет Қабдулаұлы Орталық коммуникациялар қызметі өткізген брифинг барысында хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қарағанды облысында, әсіре, ондағы ауылдарда ауыз су мәселесі әлі толығымен шешілген жоқ. Мысалы, күні кеше ғана Қарағандыда магистральдық су құбырындағы апатқа байланысты үш мыңға жуық үйдің тұрғындары суық сусыз қалған болатын. Облыс әкімі де су тапшылығын мойындап, 2025 жылға дейін бұл мәселе толығымен шешіледі деп уәде берді.

"Біз үшін сумен жабдықтау мәселесі де маңызды. 2025 жылға қарай облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етеміз", - деді облыс әкімі.

Мысалы, Балқаш қаласы тұрғындарының сусыз қалуына себеп болған апатқа қатысты жауап берген облыс әкімі "Балқаш таза су" кәсіпорының жетекшісі жұмыстан шығарылғанын, жыл соңына дейін мәселе шешілетінін айтты.

"Апат болған кезде мен сол жерге барып, апаттық жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқанына куә болдым. Кәсіпорын жетекшісі өз орынынан бостылды, қазір жаңа басшыны іздеп жатырмыз. Қазір біз бірінші кезекте қажетті құралдарды сатып алу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Сонымен қатар, 12 мың шақырымға созылған су құбыры тексерілуде. Жыл соңына дейін оның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек", - деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Шешімін табуы керек екінші мәселе – Балқаш қаласында қосымша су құбырын салу керек. Қазір қала әкімдігі тиісті құжаттарды дайындауға кірісіп кеткен.

"Бұл мәселе менің жеке назарымда. Бастан-аяқ бақылап отырамын", - деп уәде берді әкім.

Ал Қарағанды облысы, Нұра ауданына қарасты Құланөтпес, Ақтөбек, Нығыман ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы құдықтан су тартуға 324 млн теңге бөлінген ақшаның қайда кеткеніне жауап берген облыс әкімі жұмыс жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын, биыл су берілетінін айтты.

"Құланөтпес тұрғындарымен мен жеке кездестім. Нұра ауданындағы халықпен кездесуде де жергілікті депутаттар осы мәселені көтерген. Құланөтпеске 324 млн астам теңге бөлінгені рас, конкурс жарияланды, мердігер тағайындалды. Жұмысты осы жақында бастайды. Биыл ол жерге міндетті түрде су берілетін болады", - деді облыс әкімі.

Ал Нығыман мен Ақтөбек ауылдарында осы жылы модульдік тазарту нысаны салынады. Жарты жылдықта қажетті қаражат бюджетке салынады, жылдың аяғына дейін екі ауылда да құрылыс жұмыстары аяқталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу