Қарағанды облысынан Қытайға қой етін экспорттау басталды

4015

Қытай еліне Қарағандыдан 1200 бас қойдың етінің алғашқы партиясы жөнелтілді.

Қарағанды облысынан Қытайға қой етін экспорттау басталды

Шенеуніктердің айтуынша бұл елбасының Қытайға сапары барысында Қазақстаннан қой етін сатып алуға қатысты келісімге қол жеткізуінің нәтижесі көрінеді. Бірінші партияда қарастырылған 1200 бас қойдың 20 тонна еті контейнерлермен мұздатылған күйде жөнелтілді. Бұл жолы Ақтоғай, Жаңарқа аудандарының 4 шаруа қожалығынан қой сатып алынған. Қой етін жөнелтуге жауапты фирма осы аталған шаруа қожалықтарынан еттің келісін 1150 теңгеден сатып алып, Қытай бағытындағы экспортқа 1450 теңгеден жөнелтетінін мәлім етті. Жергілікті мамандар қой етін жөнелту мәселелерін қарастыру кезеңінде Қытайдан келген делегацияға аудандарды аралатып көрсеткен болатын. Сол кезде қытайлықтар Арқаның кең даласында қойлардың еркін жайылып, табиғи шөппен қоректеніп жүргенін көріп, қызығушылық танытқан.

"Қой етін экспорттау бірінші кезекте ұсақ мал өсіретін шаруа қожалықтары үшін қолдау болады. Бүгінде қойлары экспортқа сатып алынатын шаруа қожалықтарына малдың әр басы үшін мемлекеттен 3000 теңге субсидия беріледі. Қойды шаруа қожалықтан өзіміз алып кетіп отырамыз", – деп мәлімдеді "Арай КZ" ЖШС құрылтайшысы Жанболат Жақауов.

Қарағанды облысындағы атқамінерлердің пайымдауынша, қой етін Қытайға экспорттау қой шаруашылығын дамытуға жаңа серпін бермек. Қойды өсіру үшін мемлекет тарапынан жайылым жерлердің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында суландыру, құдық қазу жұмыстары үшін шаруа қожалықтарына 2 миллиард теңге субсидия бөлінген.Бұл қаражатты шаруалар 2017-2018 жылдары алған.

"Етті экспорттау бұл қой шаруашылығын дамытуға мүмкіншілік береді,бізде қазір қаншама жайылым бос жатыр, соған байланысты мемлекет бағдарлама қабылдады.Құдық қазу-суландыру бойынша үкімет 2 миллиард теңге субсидия бөлген. Бұдан өзге жылдың аяғына дейін тағы 700 млн теңге бөлетін болғанбыз, бірақ қаржы тапшылығына байланысты оны келер жылдың басында беретін болдық. Республикалық бюджет оның барлығын трансфертпен жіберіп отыр", – дейді облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров.

Облыс алдағы уақыттарда қой еті Қытайға тұрақты түрде жіберіліп отырмақ. Жоспар бойынша желтоқсан айына дейін 300 тонна қой еті жіберілсе, желтоқсанда тағы 600 тонна етті жөнелтпек. Сонымен қатар ірі қараның етін де Қытайға экспорттауды жоспарлап отыр. Осы мақсатта жақында Қытайдан комиссия келетін боп шешкен.

Қарағанды облысы бұған дейін де Иран және Біріккен Араб Әмірліктеріне қой етін экспорттаған, алайда бұл елдердің қойған талабы күшті болғандықтан ет жөнелту тоқтап қалған еді. Сондай-ақ біраз уақыт бұрын өңірден Ресейге 100 тонна қой еті жөнелтіліпті.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу