Қарағанды облысында энергетиктер 16 ай бойы жалақы алмаған

2883

Жаңаарқа ауданындағы энергия тасымалдаушы компания жұмысшылары  үш күннен бері жұмысқа шықпай отыр.  

Қарағанды облысында энергетиктер 16 ай бойы жалақы алмаған

Жаңаарқа ауданындағы "Сакен и компания" ЖШС энергетиктері үш күннен бері наразылық жасап, жұмысқа шықпай қойған.  Жаңаарқа ауданының орталығы Атасуда жұмыс жасайтын 16 маман күнде жұмыс орнына келіп, наразылық білдіріп кетеді.

"Күнде жұмысқа келгенімізбен "еңбекақымызды төлесін" деп жұмыс істемей отырмыз. Ал басшылықтан "Жалақымызды қашан бересіңдер" деп сұрасақ, нақты жауап бермейді. Шыны керек отбасымызға азық-түлік алатын ақша таппай отырмыз. Негізі біз 8 жылдан бері соттасып барып, жалақы аламыз. Зарымызға құлақ асатын жоғарғы жақта біреу табыла ма деп әлеуметтік желіге де үндеу тараттық", – дейді "Сакен и Компания" ЖШС жұмыскері Оразғали Сакенов.

Басы дауға қалған "Сакен и Компания" ЖШС Жаңаарқа ауданына электр қуатын берумен айналысады. Әйтсе де, соңғы жылдары ауданда жиі тоқ сөніп қалуына байланысты тұрғындар жергілікті билікке  көп шағым айтып келеді. Өйткені аталған ауданның  тоқ желілерінің әбден тозығы жеткен. Ал энергетиктер электр желілеріне жөндеу жұмыстарының мүлдем жасалмайтынын айтады.  Оның үстіне бейнеті көп жұмыс үшін энергетиктер мен  жұмысшылардың алатын жалақысы 30-40 мың теңге көлемінде екен. Осы мардымсыз жалақының өзіне жұмысшылар бір жарым жылдан бері жете алмай жүр. Сондықтан да олар  жұмыс берушіден жалақыларын уақытылы төлеуді әрі оның мөлшерін өсіруді талап етіп отыр.

"Сакен и Компания" ЖШС басшылығы фирмада қаржылық қиыншылық бар екенін мойындап отыр.  Бүгінде бұл мекеменің жұмысшылардың алдындағы қарызы 30 млн теңгеден асып кеткен.

"Екі жыл бұрын қордаланған қарызы және мемлекеттік мекемелер алдындағы айыппұлымен қоса аталған серіктестікті сатып алған болатынбыз. Оның үстіне электр желілерінің 80 пайызы тозған.  Қазіргі уақытта қаржылық қиындықтың салдарынан жұмысшылар алдында қарызымыз бар. Бұл жағдайға энергиямен қамтамасыз ететін "ҚазЭнерго орталық" ЖШС-пен соттасуымыз кері әсерін тигізді. Аталған серіктестік бізге электр энергиясын береді, біз оны тасымалдап, желілерді жөндейміз. Олар бізге 2018-2019 жылдары жасаған жұмыстарымыздың ақысын төлемей отыр. Ақша түспегендіктен жұмысшылардың жалақыларын бере алмай отырмыз. Қазір біздің заңгерлер шара қолданып жатыр, бірақ қандай да бір уәде бере алмаймын", – дейді "Сакен и Компания" ЖШС  директоры Нұржан Ежебаев.

Бүгінде жалақы төлей алмай отырған компанияның барлық есеп шоттары заң орындарымен жабылған. Ал табан ақы маңдай терінің өтеуіне жете алмай,  зарығып отырған энергетиктер бұл мәселеге облыс әкімі Жеңіс Қасымбек араша түсіп, көмек қолын созса деп үміттенеді.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу