Қарағанды облысында үш бірдей аудан картоп пен қырыққабат өсіруге ден қойды

3924

Биыл өңірде картоп пен қырыққабат тапшылығы сезілген соң, шұғыл шешім қабылдауға тура келген.

Қарағанды облысында  үш бірдей аудан картоп пен қырыққабат өсіруге ден қойды

Биыл Қарағанды облысында байқалған қырыққабаттың тапшылығынан кейін өңір басшысы Ерлан Қошанов бұл көкөніс көлемін көбейтуді қолға алды. Дән егу науқаны басталмастан бұрын облыс әкімі қырыққабат егетін алқаптың аумағын ұлғайтуға тапсырма берген. Нақтырақ айтсақ, 2019-2020 жылдардағы тұрақтандыру қорындағы картоп пен қырыққабаттың көлемін 28 пайызға ұлғайту жоспарланып отыр.

Жақында Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошановтың Бұхар жырау, Осакаров, Нұра аудандарындағы егістік алқаптарын аралап қайтудағы мақсаты да осыған орайлас болды. Биыл Бұхар жырау ауданында 80 гектар жер қырыққабат егуге дайындалыпты, былтыр 50 гектар жерге егілген. Сондай-ақ аталған ауданда картоп алқаптарының аумағы ұлғайтылып отыр.Тіпті өңірде картоп егумен түбегейлі айналысатын жаңадан "БаймырзаАгро-2018" компаниясы да құрылды. Компания осы маусымда 140 гектар жерге картоп егеді. Бүгінде оған қажетті техника мен тұқым дайын. Егістік өнімдерін сақтау үшін осы аумақта 8 мың тонналық қойма салынып жатыр.

Осакаров ауданында да сәл сондай жұмыстар жүргізілуде. Қазірдің өзінде 305 гектар жер аталған көкөніс түрлеріне бөлініп қойылды. Мұнда "Найдоровское" ЖШС картоптың еуропалық сортын екпекші. Былтырғы жылы осы сорттың әр гектарынан 40 тонна өнім алыныпты. Аталмыш фирма алқаптарда цифрлық технологияны пайдаланғалы отыр.

"Цифрлық технологияны меңгеретін уақыт келді. Бұл аграрлық сектордың дамуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар техниканы да жаңартып отыру қажет. Қазіргі уақытта біз пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайта өткізуді де қарастырып жатырмыз. Кейін бұл жер телімдері аукционға қойылатын болады. Барлық ауыл шаруашылық өнімін өндірушілерді егістік алқаптарын өсіруге шақырамын", – деп мәлімдеді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Жалпы алғанда, облыс аумағында картоп дақылына – 9,6 мың гектар, ал басқа да көкөністер үшін 1,5 мың гектар жер аумағы айқындалып дайындалған. Биылғы жылы қырыққабат егілетін алқаптарды 500 гектарға дейін ұлғайту көзделген. Қарағанды облысында егін егу жұмыстары 5 маусымда аяқталады.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу