Қарағанды Ресейдің түлігін асырайды

2610

Жергілікті ғылыми-зерттеу институты Ресейге 150 тонна еркекшөп тұқымын жеткізуі мүмкін.

Қарағанды Ресейдің түлігін асырайды

Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановқа "Қарағанды өсімдік шаруашылығы және селекция ғылыми-зерттеу институты" ЖШС бас директоры Дамир Қалдыбаев мәлім етті.

"Біз Ресей Федерациясына шамамен 5 тонна еркекшөп (житняк)  өткізіп көрдік. Бұл көлем аз, әрине. Себебі біздің шөп ресейлік нарық үшін жаңа өнім. Сондықтан олар өнімнің сапасына әлі күмәнмен қарайды", – деді ол.

Өңірде кең тараған көп жылдық шөптің бірі - жабайы еркекшөп. 1930 жылдары Карлагтағы ауыл шаруашылығы ғылымының мамандары өздігінен өсетін шөптің бұл түрін мәденилендірумен айналысқан. Олар еркекшөптің құрғақшылыққа төзімді түрін ойлап тапқан. Ол Орталық Қазақстанның климаттық жағдайына бейімделген.

Соңғы 80 жылда ауыл шаруашылығы техникалары мен агротехнологиялар көп өзгеріске ұшыраса да, мал азығы дақылдары анау айтқандай өзгере қойған жоқ.

Айтпақшы, "Қарағанды өсімдік шаруашылығы және селекция ғылыми-зерттеу институты" ЖШС 2015 жылдан бастап ҚР білім және ғылым министрлігімен бірлесіп "Орталық Қазақстан жағдайында мал шаруашылығын жем-азықпен тиімді қамтамасыз ету" жобасын жүзеге асыруда. Аталған жобаның аясында институт ғалымдары фермерлерге арналған "Қарағанды облысындағы жем-шөп өндірісінің дамуы" атты кітапты жарыққа шығарды. Бұл - елімізде осы салаға арналған алғашқы ғылыми еңбек. Жем-шөп өндірісіне қатысты соңғы туынды өткен ғасырдың 60-70 жылдарында жарық көрген. Ол – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Константин Постоляковтың "Қазақстанның жайылымы және шабындығы" деп аталатын кітап.

Қазіргі уақытта өте тәжірибелі агрономды табу қиын. Ал бұл кітап қазақстандық фермерлерге көмекші құрал болмақ.

Ресейліктердің қарағандылық ғылыми-зерттеу институтының тұқымын таңдауының бір себебі осы болуы мүмкін.  

"Егер біздің өнімнің сапасы ресейлік әріптестерімізді қанағаттандыратын болса, олар 150 тонна өнім сатып алуға дайын", – деді "Қарағанды өсімдік шаруашылығы және селекция ғылыми-зерттеу институты" ЖШС бас директоры Дамир Қалдыбаев.

Еркебұлан Қыздарбек, Олег И. Гусев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу