Қарағандыда алаяқ риэлторлар қаптап кетті

3165

Алданған азаматтар жылжымайтын мүлік агенттігінің алдында шу шығарды.

Қарағандыда алаяқ риэлторлар қаптап кетті

Жылжымайтын мүлік агенттігінің "құрығына" түскен жандардың бірі -  екібастұздық Адель есімді студент. "Баспана тауып берем" деп ақша алғандардың соңында жүргеніне үш күннен асыпты. Амалы таусылып, барар жері қалмаған студент құрбысының үйін паналаған.

"Екібастұзда жүргенде жылжымайтын мүлік агенттігіне хабарласқан едім. Олар "келсең болды, қатырамыз" деп уәдені үйіп-төкті. Қарағандыға келген соң Лена деген бойжеткен келісімшартқа қол қойғызып, менен 8 мың теңге алды.

"Бір күннің ішінде тауып береміз", – деді. Екі-үш телефон нөмірін ұсынды. Әлгі телефондардың бірі мүлдем жауап бермейді. Кейін қызметіне жүгінген агенттік те "байланыс аясынан тыс қалды". Ақыры агенттіктік кеңсесіне келдім. Сөйтсем мен сияқты алданған адамдар көп екен. Олар да кеңсеге келіпті", – дейді екібастұздық студент.

Бүгінде Қарағандыда жылжымайтын мүлік агенттігін ашып, тайраңдап жүргендерге тыйым болмай отыр. Мұндай мекемелердің көбі клиенттің қалтасындағы сегіз мың теңгені "қағып" алған соң, істің соңын сиырқұйымшақтатып жібереді. Бірер күнде сатып алатын немесе жалдайтын пәтер тауып береміз деп алдап соғады. Студенттер жазғы демалыстан қалаға қайтып, жаңа оқу жылының басталар уақытында оңай жолмен ақша тауып дәндеген агенттіктердің "айдарынан жел еседі". Жылжымайтын мүлік агенттігінің алдына жиналып, шу шығарған оннан аса адам да осындай қитұрқы әрекеттің құрбанына айналған.

Қарағандыдағы бір ғана жылжымайтын мүлік агенттігінің алдына жарты сағат ішінде жиналған адамдардың саны оннан асып кетті. Барлығының мұңы бір. Агенттіктегілер өз уәдесін орындамаса да, клиенттің ақшасын кері қайтаруға құлықсыз. Алданған жанның бірі Ольга Синкеевич "Қала бойынша ашылған агенттіктердің келісімшарттарын салыстырсам, бәрінің мөрі бірдей. Бір кәсіпкер әр жерден мекеме ашып, жұрттың басын қатырып отырған тәрізді" деген болжамын айтты.

Бұхар жырау даңғылының бойындағы агенттіктің мамандары есікті іштен іліп алып, ашпай қойды. Мұндағы мамандар тілшілерге де, клиенттеріне де жақ ашпады. Шыдамы таусылған жұрт сол жерге полиция шақырды. Алайда полицияға да есік ашып, жағдайды түсіндірген ешкім болмады.Заңгер Жасұлан Айтмағанбетовтің пайымдауынша, құқық қорғау органдарының еш шара қолданбауының салдарынан, мұндай агенттіктер айылын жимайотыр. Қазіргі уақытта олардан алданғандардың саны көбейе түсті. "Қармаққа" ілінген тұрғындардың көбі сегіз мың теңгеге бола соттасқысы келмей, қол сілтей салады. Ал сотқа дейін жеткендері жеңіліп, тауы шағылып жатады. Сот клиенттің келісімшартқа өз еркімен қол қойғанын алға тартады. Заңгерлердің айтуынша, жылжымайтын мүлік агенттіктерінің келісімшарттағы талаптары заңға қайшы.

"Агенттіктер көп жағдайда ғаламтордағы пәтер жарнамаларын пайдаланады. Сол үшін клиенттен ақша алады. Заң бойынша агенттік пәтер иелерімен жеке келісуі шарт. Бұл бір. Екіншіден, олар берілген ақпаратқа жауапкершілік алмайды және ақшаны кері қайтармайды. Келісімшарттағы оы бір қателік сотта есепке алынбайды. Клиент келісімшартты бұзып ақшасын қайтарып алуға құқылы. Ал агенттіктердің істеп отырғаны – алаяқтық жолмен ақша табу", –дейді заңгер Жасұлан Айтмағанбетов.

Заңгердің сөзінше, жылжымайтын мүлік агенттігін ашқандардың көбі бір жүйемен жұмыс жасайды. Фирма директоры бірнеше телефон нөмірлерін сатып алады. Кейін баспана іздеп келген жұртқа осы нөмірлер ұсынылады. Ал аталған нөмірлерге жауап беретін алдын ала дайындалған адамдар алдымен пәтері бар адамша бұлданып алады да, кейін тұтқаны мүлдем көтермейді. Агенттіктердің көбі осы жүйемен жұмыс істейді.

Кеңсенің алдынан кетпей шу көтерген тұрғындардың әрекетінен соң, бұл іске прокуратура араласты.

"Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 190 бабы, яғни алаяқтық дерегі бойынша тіркелді. Жиналған азаматтар Михайлов полиция бөліміне жеткізілді. Олардан жауап алынды. Аталған мәселеге қатысты агенттікті ашқан кәсіпкерге және ондағы мамандарға құқықтық баға беріледі", –деді Қазбек би аудандық прокуратурасының бөлім бастығы Шыңғыс Нұрдәулетов.

Агенттіктің арбауына түскен тұрғындар құзырлы орган өкілдері алаяқтарды қолға түсіреді деген үмітте.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу