Қарағандыда әткеншектен құлаған бала мерт болды

2940

Қаладағы сауда үйінің біріне қыдырып барған 7 жастағы бала әткеншектен құлап,сол жерде көз жұмды.

Қарағандыда әткеншектен құлаған бала мерт болды

Қарағанды қаласындағы ірі сауда үйінің бірінде кеше кешкілік сағат 6 шамасында қайғылы оқиға тіркелді. Сауда орнында орналасқан  ойын алаңқайына 7  және 4 жастағы балалар 13 жастағы әпкелерімен келіпті. Балалар алаңсыз ойнап жүргенде 7 жастағы бала әткеншектен құлап ес түссіз қалған. Сауда орнының мамандары және сол маңда жүрген тұрғындар балаға алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Балалар ойын алаңқайына кірген кезде олардың анасы сол маңда тосып жүрген екен. Ойын алаңқайының мамандары жеті жастағы баланың сырт келбетінен оның сырқаттанып, мазасызданып тұрғаны байқалмады  деп мәлімдеді. Қазіргі уақытта "Сафари" ойын паркі санитарлық күн деген желеумен жабық тұр.

"Осы жерде болған жалға алушы кәсіпкерлердің айтуынша 13 жастағы қыз бала екі балақайды ертіп келген. Қыз бала барлық қауіпсіздік нормалары сақталған яғни еденнен аса биік емес жерде орналасқан әткеншекте тербелген. Оны жанындағы әпкесі тербетіп отырыпты. Сосын қыз бала өзін бірден жайсыз сезініп құлап түскен. Әпкесінің көмекке шақырғанын естіген сол маңдағы мамандар алғашқы көмек көрсетіп жедел жәрдем шақыртты", - деп мәлімдеді Сафари паркінің әкімшісі Людмила Качененко.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдем қызметі оқиға орнына 11 минутта барған. Баланың өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер  реанимациялық шаралар жасаған. Алайда бала ес жимастан көз жұмған. Ол жергілікті мекенжай бойынша созылмалы сырқатқа шалдығуына қатысты диспансерлік тіркеуде тұрыпты. Алайда медициналық мамандары мұның қандай созылмалы сырқат екенін нақты айтпады.

"Кісі өлімі оқиғасына қатысты сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Өлімнің нақты неден болғанын анықтау үшін қажет. Алдын ала жасалған болжам бойынша баланың тыныс алу жолдары жеген тамағына бітеліп қалған. Бұл алдын ала болжам ғана", - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығы орынбасары міндетін атқарушы Гамал Тоқсанбаев. 

Қарағанды облысының Полиция департаменті бұл факті бойынша ҚР ҚК 306- бабы 3 бөлігі бойынша қылмыстық істің тіркелгенін мәлімдеді. Бүгінде қажетті сараптамаларды жасау тағайындалған.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу