Қарағандыда "Бақытты отбасы" төңірегінде шу шықты

3136

Қарағандылық  көпбалалы аналар "Бақытты отбасы" бағдарламасымен пәтер алудың қиын екендігін айтып шағымданды.

Қарағандыда "Бақытты отбасы"  төңірегінде шу шықты

Қарағандыда "Бақытты отбасы" бағдарламасы басталады. Бүгінде 2 пайыздық мөлшерлемемен үй алу бақытына ие болғысы келгендерден құжат қабылдау науқаны басталып та кетті. Қарағанды өңірінде бұл науқан  келеңсіздікпен басталды деп айтса да болады. Тұрғын үй  бағдарламасы арқылы үй беретін бұл бастамадан  үміттенген он шақты көпбалалы ана Октябрь ауданындағы Жаңа Майқұдық мәдениет үйіне жиналған. Көпбалалы аналар Қарағанды қаласының және Октябрь ауданының әкімшілік  мамандарына өздерінде қордаланып жиналып қалған арыз шағымдарын білдірген болатын. Үй  алғысы келетіндердің  пайымдауынша,  "Бақытты отбасы" бағдарламасының  60-70 мың теңге  жалақымен әзер күн көріп отырған  тұрмысы төмен отбасылар  үшін қолайсыз тұстары бар екен.

"Қызым  75 мың теңге жалақы алады екі баласы бар, жұбайы жоқ толық емес отбасы ретінде осы бағдарламаға құжат өткізбек болған еді. Мені қынжылтып отырғаны қызыма жаңадан салынып жатқан үйден пәтер алсаң,  алғашқы жарнаны төлеуге мемлекеттің көмектесетінін айтады. Ал қызымның жалақысы аз, 9 млн теңгеге 1 бөлмелі пәтерді ғана ала алады. Жаңа үйлердің бағасы қымбат қой. Ал осы 9 млн теңгеге ескі үйлерден екі, үш  бөлмені алуға болады. Солай алайын десе, қызыма онда алғашқы жарнаны өзің табасың дейді.  Бұл тұрмысы төмен отбасына көмек үшін жасалып отырған бағдарлама емес пе, неге пәтерге зәру адамдарға қолайсыз шарттар ойластырған",– деп қынжылады қала тұрғыны Алтынай Айсанова.

Сонымен қатар құжат өткізуге барғандардың ішінде "бір несиеге қарамай, құжатымызды ала салса қайтер еді, қазіргі қазақтың барлығында несие бар, оны жоққа қолымыз жетпеген соң алдық емес пе"деп шағым білдіргендерде болды.

Қарағанды қаласында "Бақытты отбасы" бағдарламасына құжат қабылдау  22 шілде мен 26 шілде аралығында жүзеге асырылуда. Несиенің ең жоғарғы соммасы 10 млн теңге, мерзімі 20 жылға дейін. Бұл бағдарламаға көп балалы отбасы, кәмелетке толмаған балалары бар толық емес отбасылар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады.

Шенеуніктердің айтуынша мәдениет үйіне келгендердің ішінде екі тұрғын ғана бұл бағдарламаға қатысты наразылығын білдіріпті.

"Біз барлығымен сол жерде сөйлестік, мамандар көріп құжаттарын қабылдады. Тек екі адамның құжаттары толық емес екен оны біз ескерткен едік содан наразы пікірлер айтылды. Егер біз сол жерде құжаттарын қабылдай салсақ, ертең банкке барғанда тағы тексереді де, кері қайтарады ғой сосын тағы әкімшіліктегілер айтпады дейді. Жаңа үйден алса, алғашқы жарнаны төлеуге мемлекет көмектеседі, бірақ екінші деңгейдегі үйден алам десе, өзі алғашқы жарнаны табуға тиіс. Несиесін жаппаса тағы болмайды, қойылып отырған талап бар, дегенмен шағым айтқандардың мәселесін шешіп жатырмыз", – деп мәлімдеді Қарағанды қаласының тұрғын үй қатынастар бөлімі бастығының орынбасары Әсет Алдабергенов.

Қазіргі уақытта Қарағанды қаласында  600 көпбалалы ана баспана кезегінде тұр. Бүгінде "Бақытты отбасы" бағдарламасына үш жүзден астам отбасы құжат тапсырған. Бағдарламаның талабына  шағым білдірген Алтынай  Айсанованың айтуынша, бір топ ана осы аптаның жұмасында қалалық маслихат депутаттарына барып тағы мәселені көтереді.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу