Қарағандыдағы Буровая көшесіндегі 92- тұрғын үйдің жанындағы кәріз құдығын түнгі үштің кезінде сол маңдағы тұрғындар тазаламақ болған. Бітеліп қалған құдықты тазалауға кіріскен үйдің 1960 жылғы қожайыны 6 метр тереңдіктегі құдыққа құлап кеткен. Оны 1990 жылғы ұлы мен 1989 жылғы көршісі құтқармақ болып әуре болып жүргенде, оларда құдықа түсіп кетіп, естерінен танып қалыпты.Таңғы сағат бестің шамасында Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары үйдің қожайынымен оның көршісін алып шыққан. Ауыр хәлдегі екі адамды кәріздік жүйеден алып шыққан бойда жедел жәрдем ауруханаға алып кеткен. Құдықтың түп жағында қалып қойған үй иесінің ұлының денесін мамандар таңертеңгі сағат алты жарымда алып шығыпты. Аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізілген екі зардап шегушінің өмірін дәрігерлер бірнеше сағат бойы құтқарып қалуға тырысқан. Алайда түскі уақытқа қарай екеуінің де жүрегі тоқтаған. Осылайша кәріздік қалдықты тазаламақ болған үш адамда мерт болды. Дәрігерлер екі адамның да аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілгенін мәлімдейді.
"Бізге екі адамды өте ауыр жағдайда жеткізді. Естерінен айрылған күйде түсті. Бас ми бөлігінде және өкпелерінде ісік болды.Оларды жан сақтау бөліміне жатқызып шұғыл медициналық көмек көрсетілді.Екеуі де ауыр түрдегі газбен уланған. Алайда бүгін әртүрлі уақытта екеуі де қайтыс болып кетті", – дейді Мақажанов атындағы травматология және ортопедия орталығының токсикологиялық бөлімінің меңгерушісі Сәуле Смағұлова.
Қайғылы оқиға Буровая көшесіндегі шағын насос станциясының коллектор құдығында орын алыпты.Тұрғындардың айтуынша, бұл жердегі кәріздік құдықтан екі апта бойы су сыртқа ағып жатыпты.Марқұм болған 1960 жылғы азамат коммуналдық мекемелерден қайыр болмаған соң, өз бетінше кәріздік судан құтылмақ болыпты.
"Кәріз суы сыртқа дейін ағып жатты, менің үйіме дейін келді.Марқұм болған Саша ағай арнайы коммуналдық мекемелерге қоңырау шалып шақырған болатын. Бірақ барлығы келіп, көрген соң біздікі емес деп кетіп қалып отырыпты. Ол өз бетімен үйден насос алып, сол станцияға жалғап, суды сыртқа ағызуға қойып қойған. Бір авариялық жағдай болған, содан кейін кәріздік құдық бітеле берді", – дейді Буровая көшесінің тұрғыны Алексей Григореев.
"Қарағанды су" ЖШС баспасөз қызметкері Марина Богдан аталмыш кәріздік жүйенің өздеріне тиесілі емес екенін мәлімдеді. Үш адамның өмірін қиған кәріздік құдық жеке меншікке тиесілі болуы мүмкін.
Арайлым Еркебаева