Қарағандыда қазақ мектебі жеткіліксіз

3104

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек есеп беру сәтінде алдағы жоспарларымен бөлісті.  

Қарағандыда қазақ мектебі жеткіліксіз

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің халық алдында есеп беруі үш сағатқа созылды. Облыс әкімі атқарылған жұмыстармен қоса алдағы жылға жоспарланып отырған түрлі салаға қатысты, жобаларға тоқталды.

"Облыстық маслихат депутаттарының  ұсынысы бойынша біз 1-4 сынып оқушыларын отбасылық жағдайына қарамастан, ыстық тамақпен қамтамасыз етуді кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз. Бірінші және екінші сынып биылғы жылы қыркүйектен бастап тамақ ішсе, 2021 жылы үшінші сыныптың, 2022 жылы төртінші сыныптың оқушылары тегін ыстық тағаммен қамтамасыз етіледі", – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ облыс әкімі денсаулық сақтау және жұртты тұрғын үймен қамтамасыз ету саласы қарыштап дамып келе жатқанын атап өтті. Әкімнің есеп беру жиынына келген жеті жүзге жуық адамның біраз бөлігі мемлекеттік қызметкерлер болды. Қарағандылықтардың әкімге қойған сауалдары әртүрлі. Жолы мен электр жарығы және ауыз суы бір жөнге келмей қойған Күнгей ықшам ауданы тұрғындарының өкпе-назы көп екен. Қала тұрғыны Еркебұлан Қарекеев ауырған баласын дәрігерлер 40 күннің ішінде мүгедек еткенін айтып, өкінішін білдірді.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек әр тұрғынның сауалына жеке жауап берсе, ал жауабы табылмаған кейбір мәселелерді "мамандармен бірлесіп шешеміз" деп уәде берді. Қоғам белсендісі Нүркен Кәрібаев Қарағандының мемлекеттік мекемелерінде қазақ тілінің қолданыс аясы әлі де төмен екеніне назар аудартты.

"Еліміздің бірнеше қалаларындағы түрлі жанжалдар болды. Алысқа бармай-ақ былтырғы Жәйремде және Қордайда болған оқиғаға назар аударайықшы.  Бұл жанжалға өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін білмеуі себеп болды деп ойлаймын. Содықтан да Ата заңымыздағы мемлекеттік тілге қатысты заңды өзгерту қажет", – деген ұсыныс білдірді ол.

Жеңіс Қасымбек заңды өзгерту "жоғарғы" жақтың құзыретіне кіретінін атап өтті. Алайда ол қазақ тілінің аясын кеңейтуге қатысты  жұмыстар қарқын алатынын айтты.

Қала тұрғыны Марат Түсіпов Қарағандыда небәрі 10 қазақ мектебінің бар  екенін тілге тиек етті.

"Өкінішке қарай мектептердің басым бөлігі қазақ және орыс тілінде сабақ береді. Ал мұндай аралас мектептер қазақ балаларын "дүбәра" етіп тәрбиелейді", – деді ол.

Айта кету керек, жарты миллионнан астам халқы бар Қарағандыда 10 қазақ, 12 орыс, 48 аралас мектептері бар. Жеңіс Қасымбек бұл сауалға "биылғы жылы бір қазақ мектебі ашылады" деп жауап берді.

Белсенді Таисия Шутова "биыл шамадан тыс көп жауған қар сізге сынақ болды" деп атап өтті.

"Менің бұған дейін қар тазалауға қатысты шағымымды сіз назарға алдыңыз, оған ризашылығымды білдіремін. Бірақ "Нұр Отан" партиясының мамандары шағым қарау барысында дөрекілік танытады, соған назар аударсаңыз. Сондай-ақ біздің өңірге келген жақсы мамандарды Астанаға алып кететіні қиын. Мәселен біз сіздерді тәрбиелеп шығарамыз, ал содан кейін бізден сіздерді  алып кетеді", – деген зейнеткердің сөзі залдағыларды ду еткізді. 

Сондай-ақ Теміртау мен Балқаш қаласының тұрғындары өңірлерінің экологиясының ластанып кеткеніне алаңдап,  көп шағым білдірді. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек есеп беру жиынынан соң тұрғындарды жеке қабылдады.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу