Қарағандыда құлаған батутқа қатысты сот үкімі шықты

3153

Қауіпті батут орнатқан ерлі-зайыптылар төрт және бес жылды арқалап кетті.  

Қарағандыда құлаған батутқа қатысты сот үкімі шықты

Қарағанды қаласында жазда құлаған батутқа қатысты қылмыстық іске сот соңғы нүктесін қойды. Бұл іс бойынша айыпталушы ретінде орталық саябаққа батут орнатқан Ерлан Такишев пен оның жұбайы Әлия Такишеваға жаза тағайындалды. Бұған дейінгі сотта мемлекеттік айыптаушы ерлі-зайыптылардың үш баласының бар екенін есепке ала отырып, Ерлан Такишевке 5 жыл, Әлия Такишеваға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. 

Айта кету керек, батутты орнатып кәсіпкерлікпен айналысқан Ерлан Такишев Абай ауданындағы төтенше жағдайлар бөлімінде қызмет атқарған. Қайғылы жағдай орын алғанда ресми органдар оның жұмыстан шығып кеткенін мәлімдеген болатын. Қазыбек би аудандық сотының үкімімен Ерлан Такишев кінәлі деп танылып, бес жылға сотталды. Ал батутты орнатып, кәсіпкерлік жасаған оның жұбайы Әлия Такишева 4 жылға бас бостандығынан айрылды. Дегенмен Әлия Такишева 2011 жылы туған қызы 14 жасқа толған кезде ғана  жазасын өтейтін болады. Сондай-ақ бала өліміне алып келген батут жойылатын болды.

"Басында айыпталушылар кінәларын мойындамаған еді, енді мойындап отыр. Негізі маған олардың кінәсін мойындағаны керек еді. Әрі әділ жазаларын алды деп ойлаймын. Сондықтан әрі қарай шағымданбаймын", – деп мәлімдеді қаза болған баланың анасы Марина Киреева.

Еске сала кетсек, 25 мамырда қатты дауыл соғып, орталық саябаққа орнатылған батут ұшып кеткен еді. Қайғылы оқиғадан 12 жастағы Борис Рудаков қаза тауып, екі бала әртүрлі дене жарақатын алды. Батут ұшып кетіп қасындағы темір кассаға соғылған болатын. Осы темір касса 14 жастағы жасөспірімді басып қалып, оның денесі бірнеше жерден сынды.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу