Қарағандыда тағы екі науқас короновирустан жазылды

5329

Қарағанды облысында кеселді жүқтырғандар саны 84 адамға жетті, оның ішінде төртеуі емделіп шықты.  

Қарағандыда тағы екі науқас короновирустан жазылды

16 сәуірде Қарағандыда короновирусқа шалдыққан екі науқас жазылып шықты. Бұл азаматтар Қарағанды өңірінің тұрғындары емес. Олар Минск-Нұр-Сұлтан бағытындағы ұшақпен кеншілер қаласына келген өзге өңірдің тұрғындары. 19 және 24  жастағы екі бойжеткен толық емделу курсынан кейін, екі мәрте короновирусты анықтау сараптамасынан өтті. Сараптама теріс нәтиже көрсеткен. Дәрігерлер олардың денсаулығын жақсы деп бағалап, 14 күнге үй карантиніне босатқан. Қарағанды қаласында осымен төрт науқас сырқаттан құлан таза айығып шықты.

Қарағанды облысында 16 сәуірдегі жағдай бойынша короновирус жұқтырғандардың саны 84 адамға жеткен. Оның ішінде бір адам көз жұмса, төртеуі жазылып шықты. Статистика бойынша Қарағандыда 45 , Теміртауда 18, Шахтинскде 7, Саранда, Бұхар жырау ауданында 1, Шет ауданында 1 адам короновирусқа шалдыққан. Сонымен қатар ұшақпен Қарағандыға келген өзге өңірдің  11 тұрғыны кеселді жұқтырған. Сырқаттанғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі 16 бала бар.

Коронавирус жұқтыру деңгейі өршіп бара жатқан Қарағанды өңіріне қытайлық дәрігерлер келген. Аталған дәрігерлер делегациясы Қарағандыда 18 сәуірге дейін болады. Қытайдан инфекционист, пульмонолог, нефролог, интенсивті терапия дәрігерлері мен  медбике келген. Қытайлық дәрігерлер Қарағанды өңіріндегі дәрігерлердің кеселмен күресу жұмыстарымен танысып, оларға сырқатпен күресу жолында көмек көрсетеді. Кеселмен күресу тұрғысында тәжірибесі бар  қытайлық мамандар Қарағандылық  дәрігерлерге дәріс оқып, шеберлік сағаттарын өткізеді. Қарағандыға келген бойда шет елдік дәрігерлер Қарағанды медициналық университетінде конференция өткізді.

Бүгінгі таңда  Қарағандыда короновирусты анықтау үшін жаңа мүмкіндік туды. Кеншілер қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында қосымша вирусологиялық зертхана ашылды. Мұнда короновирусқа қатысты зерттеу жасалып, сырқаттың адамда бар-жоғын анықтайды. Бұл жерде тәулігіне бес жүзге жуық адам келіп, зертханада тексеріле алады. Әзірге мұнда медициналық қызметкерлер, жүкті әйелдер, тыныс алу жолдарының созылмалы сырқатына шалдыққан тұрғындар мен  казарма режимінде жүрген әскерилер ғана сараптамадан өте алады.
Арайлым Еркебаева
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу