Иорданияның Амман қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы дзюдодан Азия чемпионатында Қарағанды облысының спортшылары жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құрлық біріншілігінде өңір атынан сынға түскен жас дзюдошылар төрт медаль жеңіп алды.
Жарысқа Жапония, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Қазақстан, Моңғолия, Қытай және басқа да елдердің спортшылары қатысты. Қарағанды облысының намысын Ағадыр кентіндегі спорт мектебі, "Жан Сұңқар" спорт мектебі, Әлия Молдағұлова атындағы мектеп-интернат-колледжі және облыстық кешенді спорт мектебінің тәрбиеленушілері қорғады.
100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Санжар Ерұланұлы Азия чемпионы атанды. Спортшыны бапкері Хасен Сакеев дайындаған.
Күміс жүлдені Руслана Махатова (+78 келі, бапкері Қайрат Жұмабек) және Айша Алтай (70 келі, бапкері Дастан Манабаев) иеленді.
Ал Айзат Наукенова (48 келі, бапкері Елдос Әбішев) қола медальға қол жеткізді.
Айта кетейік, Азия чемпионаты жас спортшыларға халықаралық тәжірибе жинап, рейтингтік ұпайларын арттыруға мүмкіндік берді. Енді жүлдегерлер маусымның келесі маңызды додаларына, соның ішінде жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына дайындалады.