Қарағандылықтар "донер" жеп уланды

17967

Қарағандыда  дәмханадағы астан уланған 13 адам ауруханаға түсті.

Қарағандылықтар "донер" жеп уланды

Қаланың орталығындағы көпке танымал тез даярланатын дәмханадан ас ішкен бірнеше адам өзін жайсыз сезініп ауруханадан бір-ақ шыққан. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына астан уланған 13 адам түскен, оның ішінде біреуі 10 жастағы бала. Сырқаттанғандардың айтуынша , уланғандардың саны бұдан да көп болған,тек кейбіреулер үй жағдайында емделуді жөн деп шешіпті. Зардап шеккендер  дәмханадан  тауық етінен жасалған донерді жегенін айтып отыр.

"Біз донерді жеген соң үйге кеттік.Келген соң екі сағаттан кейін мен өзімді жайсыз сезіне бастадым. Ішім қатты ауырып, бірнеше рет құса бастадым.Менімен бірге тамақтанған әпкемде де осындай  жағдай болды. Қатты ауырдық ,сосын жедел жәрдеммен осында келдім",–дейді қала тұрғыны Валентина Толмачева .

Жаппай астан улану жайты тіркелген дәмхана, әсіресе, Қарағанды жастарының көп баратын орнына айналған. Бүгінде бұл дәмхана жабық тұр, сыртында 10 қыркүйекке дейін жұмыс жасамайтындығы туралы хабарлама ілініпті.

Өзін Константинмін деп таныстырған дәмхана бастығы  бұл келеңсіздіктің себебін тез арада анықтау үшін қосымша тәуелсіз зертханаға сынамаларды тапсырғанын мәлімдеді.

"Біздің мұнда жұмыс жасап жатқанымызға төрт жыл болды. Бұрын мұндай келеңсіз жағдай болмаған еді,бірінші рет осындайға тап болып тұрмыз. Менің өзімде қателіктің қалай кеткенін, нендей жағдайдан орын алғанын білгім келеді. Өйткені әрі қарайғы жұмысымызда мұндай олқылықты жібермеуіміз керек деп ойлаймын",– дейді тез тағам даярлау желісінің бастығы.

Ал жұқпалы аурулар ауруханасы басшылығының мәліметінше,  ем алып жатқан науқастардың  жағдайы тұрақты,олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Санитарлық-эпидемиологиялық станция мамандары  донер даярлаған дәмханадан зерттеуге сынама алған. Дегенмен облыстық тауарлар және көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті  тексеріс барысында нысандағы  санитарлы техникалық және гигигеналық талаптардың қанағаттанарлық  деңгейде емес екенін анықтапты. Ғимаратта санитарлық- эпидемиялогиялық  қызмет қорытындысы болмаған.Қадағалаушы мамандар дәмханадағы 7 адамды жұмыстан шеттетуге қаулы шығарған.Сондай-ақ мамандар дәмхананың жұмысын тоқтату үшін сотқа жіберетін материалды дайындау үстінде.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу