Қарағандының бірнеше ауылы аптап ыстықта судан тарығуда

1651

Дубовка елді мекенінің халқы сапасыз су ішуге мәжбүр.  

Қарағандының бірнеше ауылы аптап ыстықта судан тарығуда Фото: tengrinews.kz

Қарағанды облысы аумағында ауызсуға тарыққан жұрт көбеюде. Елді мекен тұрғындары биліктегі ақ жағалылардан қайран болмаған соң, әлеуметтік желі арқылы шағымдануда. Облыс орталығына жақын орналасқан Дубовка елді мекенінің тұрғындары 1997 жылдан бері ауызсудың зардабын тартып келеді. Жыл сайын жаз басталысымен, ауызсу беру нашарлай бастайды. Мамыр айынан бастап ауызсу кешкі уақытта ғана берілетін болған. Сондай-ақ маусым айында насос бұзылып, судың берілуі тағы да өзекті мәселеге айналған.

Дубовканың белсенді тұрғыны Людмила Ногинаның айтуынша, "Ақбұлақ" мемлекеттік бағдарламасы бойынша елді мекенге су желілерін тарту үшін 2003-2011 жылдар аралығында мемлекеттік қазынадан 400 млн теңге жұмсалған. Ол бұл мәліметтерді жергілікті атқарушы билік пен ауызсумен қамтамасыз ететін мекеменің есеп беруінен естіп, өзіне түртіп алыпты. Людмила Ногинаның сөзінше, жұмсалған қаражат аз болғандай, келесі жылы Дубовканың су желісін қайта жаңғыртуға биліктегілер тағы қаражат сұрап, жоба жасапты.

"Мамандар қолданыстағы екі құдықты тазалап, жөндегеннің орнына су жүйесінің құрылымын қайта жасақтау үшін бюджеттен тағы ақша сұрап отыр. Бұған Абай ауданы тағы 150 млн теңге сұрап, жоба дайындап қойыпты. Аталған мәселе бойынша 12 шілдеде облыс әкімінің қабылдауына кезекті рет барып едім, кіре алмадым. Қабылдауына жазылып кеттім. Ақпан айында ғана Ерлан Қошановтың қабылдауында болған едім. Ол қарамағындағыларға тапсырма берген. Бірақ бұдан ешқандай нәтиже шықпады", – дейді Людмила Ногина.

Елді мекен тұрғындарының айтуынша, кешкілік беретін ауызсудың сапасы нашарлап кеткен. Ыдыстарға құйылған су, бір тәуліктен кейін сарғайып таттана бастайды. Осының салдарынан тұрғындар суды дүкеннен сатып ішуге мәжбүр. Ал жағдайы жоқ кейбір отбасылар сапасыз суды амалсыздан ішіп отыр.

Людмила Ногинаның мәліметінше, 2016 жылы Бұхар Жырау ауданының тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының мамандары ауылдағы төрт су ұңғымасынан сынама алып, ауызсудың сапасы тиісті деңгейге сай емес екенін анықтаған. Ал 2017 жылы Дубовка елді мекені Абай ауданының құрамына өткенде, мұндағы мамандар ауызсуды ішуге жарамды деп мәлімдеген. Алайда бұған жұрт сенбейді.

Дубовка ауылының әкімі Ерғали Қысрауыновтың айтуынша, халықтың су зардабын тартуға жер үй секторындағы тұрғындардың бау-бақшаны суару кезінде суды үнемдемеуі себеп болуда.

"Бүгінгі таңда "Жігер су" компаниясының бақылаушылары 19 үйді судан ажыратты. Олар суды рұқсатсыз қосып алған. Ауызсудың тұрғындарға берілуін тұрақтандыру үшін барлық шараларды қарастырып жатырмыз. Бізде төрт су ұңғымасы және төрт насос бар. Насостардың жобалық қуаттылығы 1,5 мың текше метрді құрайды. Одан артық бере алмаймыз", – дейді Дубовка ауылының әкімі Ерғали Қысрауынов.

Ауыл әкімі келесі жылы Дубовкадағы су мәселесін жақсарту үшін жобалық-сметалық құжат әзірленгенін мәлімдеді. Жоба жүзеге асса, жағдай да жақсармақ. Сондай-ақ шенеуніктер мұндағы ауызсу ішуге жарамсыз деген ақпаратпен келіспейді.

Еске сала кетейік, жаз басталғалы облыстағы Саран, Шахтинск қалаларының, Қарағанды қаласына жақын орналасқан Үштөбе, Қушоқы, Дубовка, Сенокосный, Осакаров елді мекендерінің тұрғындары аптап ыстықта ауызсудан тарыққандарын айтып шағымдануда.

"Қазіргі уақытта бізге Үштөбе ауылы тұрғындарынан судың жоқтығына байланысты шағым түсті. Бұл елді мекенде жазда суды шамадан тыс пайдаланатындар көп. Мысалы бұл жерде жазда төрт су ұңғымасы іске қосылса, қыста біреуі ғана пайдаланылады. Қазір мұнда төрт су ұңғымасынан бөлек, тағы төртеуі іске қосылды. Біз тексеріп көрдік. Тұрғындармен сөйлестік. Енді суды есепсіз қолданатындарды анықтау керек. Әкімшілікке осындай тапсырма берілді. Жалпы, биыл орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз ету деңгейі қалалық жерде 92 пайызды, ауылдарда 85 пайызды құрауда. Жыл соңына дейін қалаларды сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 97 пайызға, ауылдық өңірлерде 87 пайызға көтеріледі", – деп сендірді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы Ұлантай Үсенов.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу