Қарақұрт неге қаптап кетті?

Соңғы уақытта елімізде улы жәндіктің көбейгені байқалады.

Қарақұрт неге қаптап кетті? Фото: Ашық дереккөзден

Қарақұрт – уы жыланның уынан 15 есе артық болатын қауіпті жәндіктің бірі. Оның шағуы адамға да, малға да аса қауіпті. Өкінішке қарай, бүгінде ол ел аумағында күрт көбейіп, қауіп тудырып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Осыдан бір айға жетер-жетпес уақыт бұрын Атырау облысында қарақұрт қаптап кеткен еді. Сол уақытта зиянды жәндік 120-дан астам түйені шағып, оның 16-сы бірден арам қатқан көрінеді. Қалғанын иелері аман алып қалды.

Қауіпті зиянкес адамдарды да айналып өткен жоқ. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары бұған дейін қарақұрт 10 адамды шағып алғанын хабарлады. Абырой болғанда, дәрігерлер оларға дер кезінде медициналық көмек көрсетіп үлгерді.

Бұл мәселенің беті қайта бастағанда бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде тараған бейнежазба дүйім жұртты тағы дүрліктіріп қойды. Видео авторы Павлодар облысындағы Баянауыл курорттық аймағында да улы жәндіктің көп екенін айтып, жұрттан сақтық шараларын қадағалауды сұрады. Шынымен, Торайғыр көлінің аумағы деп көрсетілген жерде қарақұрт "өріп" жүр. Тіпті, ұя салып алғанға ұқсайды. Бұдан қауіптенген кейбір туристер Баянауылда демалудан бас тартып жатыр.

Осыдан үш күн бұрын Торайғыр көлінің аумағында 39 жастағы әйел адамды өрмекшінің шағып алуы жұрттың күдігін одан сайын күшейтті. Зардап шеккен тұрғын алдымен тыныс ала алмай, арқасы мен кеуде тұсы ауырсынып, жағдайы қиындаған. Ол бірден дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Ақ желеңділер науқасқа улы емес жәндіктер мен басқа да буынаяқтылардың шағуы деген диагноз қойып, медициналық көмек көрсеткен. Қазір демалушы амбулаториялық жағдайда ем қабылдауда. Сөйтіп, Баянауылдағы соңғы жағдайлар туристердің сеніміне селкеу түсіріп отыр.

Энтомолог-ғалымдардың сөзінше, қарақұрт көктем мен жаздың басындағы құрғақшылықтың салдарынан пайда болады. Себебі бұл орта олардың дамуы үшін өте тиімді. Олардың көбеюінің тағы бір жолы – оңтүстік өңірлерден жиі тасымалданатын жеміс-жидек, көкөністермен бірге "еріп" келуі.

"Соңғы уақытта біздің өңірде ылғалдылық көбейді. Қатты жауыннан соң қарақұрт қайтадан "панасына" тығылуы немесе өзінің ареалын азайтуы мүмкін. Шынымен, оның уы қауіпті. Сондықтан оқыс жағдай бола қалса, бірден дәрігерге қаралу керек. Негізі, оны қандай да бір аумақтан байқаған кезде демалушыларға бұл жерде улы жәндік барын ескерту керек", - дейді биология ғылымдарының докторы Қанат Ахметов.

Алайда Баянауыл ауданының әкімдігі Торайғыр көлінің аумағында қарақұрттар бар деген ақпаратты жоққа шығарып отыр.

"Әлеуметтік желіде тараған видеода Баянауыл ауданы, Торайғыр ауылы емес. Оған нақты дәлел жоқ. Қарақұрттың пайда болу фактісі де ауданда жоқ. Олар шөл және шөлейтті жерді мекендейді. Тұрғындар, демалушылар тарапынан шағым тіркелмеді. Сондықтан шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратпауларыңызды сұраймыз", - делінген әкімдіктің ресми мәлімдемесінде.

Десе де, көпшіліктің күдігін сейілту үшін Баянауыл ауданының әкімдігі зоология инстутынан арнайы мамандарды шақыртты. Олар бірнеше күн дересінде ауданға келіп, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізбек.

Айта кетейік, соңғы рет Павлодар облысының аумағында қарақұрт 2007 жылы байқалған. Сол кезде олар облыс орталығының аумағын басып кеткен еді. Бірақ одан соң өңірде улы жәндік кездескен жоқ.

Бірақ бәрібір арқаны кеңге салуға болмайды. Табиғат аясына демалуға шыққан кезде сақтық шараларын қатаң ескерген жөн. Айталық, қарақұрт шағып алса, адамның іші мен кеудесі ауырып, денесі жансызданып қалуы ықтимал. Дер кезінде дәрігерлер көмек көрсетілмеген жағдайда адам 5-7 күн аралығында ажал құшуы да мүмкін. Сондықтан абай болған абзал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу