Қараңғы қазақ футболы

2177

​Қазақ футболы қазір жарықтың жоғынан қараңғыда қалып отыр. Соның салдарынан кейбір матчтар ерте басталып жүр. Мәселенің мән-жайы мынада...

Қараңғы қазақ футболы

Қазақстан кубогінің кезекті туры Ақтау қаласындағы "Жас Қанат" стадионында өтті. Жергілікті "Каспий" қызылордалық "Қайсармен" кездесті. Матч жергілікті уақыт 18:00-де басталды. Бұл кезде күн райы +40 градусты көрсетті. Алаңға шығып, 90 минут футбол ойнаған аяқдопшыларды аяйсың. 40 градуста арсалаңдап жүгіріп, доп тебу былай тұрсын, жай далада жүрудің өзі өмірге қауіпті емес пе? Салқындатқышы жоқ жерде өзіңнен өзің терлейтіндей күн райы болып тұрғанда трибунаға келген фанаттардың жағдайы қалай болады? Соны ойлап көрдіңіз бе?

Осындай ірі мәселелер болғаннан кейін ойынды ұйымдастырушылар неге кешкі 21:00-ге қоймайды деп ойлайсыз ғой?! Себебі стадионның прожекторлары істен шыққан. Жалпы Ақтау қаласында стадионның жарығы жанбағанына 10 жыл болған. Жарықтың көп бөлігі күйген, істен шыққан. Алайда оны жөндеу әзірге стадион басшылығана мүмкін болмай тұр. Әйтпесе, клуб 90 минут бойы жарық жанған кездегі электр қуатының қаржысын төлеуге дайын. Біздің білуімізше бір матчта жарық беретін 4 құрылғыға небәрі 40-50 мың теңгенің қуаты кетеді екен. Егер жарық жанса, клуб қаржысын төлесе футболшыларға да, жанкүйерлерге де ыңғайлы болар еді. Сонымен қатар оны түсіріп көрсетіп жатқан телевидениеге де сапалы көрініс болады. Матчтың сапасы да арта түсер ме еді дейміз?!

Ақтаудан кейінгі мәселелі өңір Шымкент қаласы. "Намыс" стадионының да жарығы жанбайды. Сол стадионда Бірінші лига матчтары ойналады. "Академия Оңтүстік" пен "Яссы" командаларының арасындағы матч 18:30-да басталды. Тура осы кезде сынап бағанасы +50 градусқа тақалды. Төреші таймда бір реттен үзіліс жасап, су іүіп салқындап алуға рұқсат берді. Кейбір футболшылардың көздері қарауытып, матч біткен соң бастары айналғанын айтады. Бұл жас футболшыларды қорлау деп білеміз өзіміз. Стадионға жарық бере алмайтындай неткен қиын жағдайда едік деп таң қаламыз. XXI ғасырда жарық қосып, кешқұрым күн салқында футбол ойнай алмасақ ұят емес пе? Елдің алды Марсқа ұшып жатқан заманда өмір сүреміз.

Футболшыларымыздың ойыны нашар, допты дұрыс тебе алмайды деп сынаймыз. Ал біз бір уақыт сол алаңда ойнайтын футболшылардың жағдайын ойлап көрдік пе? Қан қысымы көтеріліп кеткен футболшылардың бірі мерт болып кетпесе біз оңайлықпен қимылдай қоймаймыз. Мақұл, осы биыл ғана Шымкентте ерекше күн ысып кетті ғой деп те айта алмаймыз. Бұл жыл сайын қайталанып тұратын жағдай. Жанкүйерлер трибуна толтырып, жергілікті командаларға қолдау көрсетпейді деп айтамыз. Әрине, +50 градуста тіпті көлеңкеде отырып футбол тамашалауға зауқың соқпайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу