Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 3 тамыздан кейін карантин жалғасатынын жариялады.
"3 тамыздан кейін мына тыйым күшінде қалуы керек: жаппай жиналатын бұқаралық шараларды өткізуге, көңіл көтеретін мекемелерге, кинотеатрлар мен фудкорттарға, банкет залдарының жұмыс істеуіне рұқсат жоқ. Мейрамханалар мен барлар, түнгі және ойын клубтары да әзірге жұмысын бастамайды. Мәдениет нысандарының, музейлердің жұмысы жанданбайды. Конференциялар мен көрмелер, форумдар өткізілмейді. Спорт залдардың, фитнес-орталықтардың, бассейндер мен аквапарк пляждарының, діни нысандардың жұмысы басталмайды. Жолаушылар пойызы мен қала арасындағы автобустардың қозғалысы жанданбайды", – деді Алексей Цой.
Министр шектеу шаралары нақты нәтиже бере бастағанына тоқталды.
"Қатаң карантин шаралары енгізілгеннен бері, яғни 5 шілдеден бастап үш аптаның ішінде КВИ жұқтырудың 35 951 жағдайы тіркелді. Вирусқа қатысты тіркелген жағдай 29% азайды. Қазіргі уақытта COVID-19 вирусын жұқтыру бойынша жағдай күніне орташа есеппен 1600 адам деңгейінде тұрақталды. Сонымен қатар, төсек орындар 43%, жансақтау бөліміндегі төсек орындар 27 % босады. Жазылып шыққан науқастардың үлесі 63% жетті", – деді Алексей Цой.
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Қанат Махамбет