Карантин 31 желтоқсанға дейін созыла ма?

8170

Қазақстан коронавирусқа қарсы нановакцина әзірлеуге кірісіпті. 

Карантин 31 желтоқсанға дейін созыла ма?

Әлеуметтік желілер қайтадан гулеуде. Онда жарияланған бейнероликте "Қазақстанда карантин 31 желтоқсанға дейін созылады. Құжат мынау! Шетелдік компанияларға нұсқау берілді" делінген. Сарапшылар фейк болуы мүмкін деген пікірде.

"Өйткені біріншіден, әлеуметтік желіде "құжат" деп ұсынғаны шынында жеке компанияның "бұйрығы". Ол Премьер-министр басқаратын мемкомиссияның шешімі, болмаса мемлекеттік бас санитар Айжан Есмағамбетованың қаулысы да емес. Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шараларды тек Мемлекеттік комиссия бекітеді. Ол өткен бейсенбіде жиын өткізіп, 5–18 шілде аралығында, 14 күнге ғана шектеу шараларын енгізді. Назар аударсаңыз, мемкомиссияның соңғы шешімінде карантин деген сөз қолданылмайды", – дейді саясаттанушы, құқықтанушы Зейін Сабырқұлов.

Екіншіден, сарапшының айтуынша, әлеуметтік желідегілер "құжат" деп отырған қағаз "Приказ об объявлении простоя" деп аталады.

"Онда да карантин енгізіледі деген бір сөз жоқ. Тек "COVID-19 пандемиясына, "Теңіз" кенорнында қолайсыз эпидемиологиялық ахуалдың сақталып отырғанына байланысты компания қызметіне нұқсан келтірмейтін белгілі бір жұмыстарды уақытша тоқтату" жайы баяндалады. Сондықтан, егер бұл құжат шын болса, компания кейбір сегментінде "2020 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін жұмысты доғара тұруды" жариялады және осы мерзімде барлық жұмысшыға орташа жалақының 50%-ын төлеп тұруға уәде етеді. Жалпы, бұл қажетті шара болса керек. Себебі, 29 маусымдағы Ақордадағы кеңесте Президенттің өзі "Теңіз" кенорны коронавирус жұқтырудың ірі ошағына айналғанын, онда індет жұқтырудың 1 мың 222 оқиғасы тіркелгенін айтты. Бұл Атырау өңіріне төнген қауіп. Саналы адам ол құжатсымақта ірі бизнестің жеке ісі ғана баяндалғанын түсінеді. Алайда кейбіреулер мұны "бүкіл Қазақстанда жыл соңына дейін карантин енгізіледі" деп әдейі өршітіп, елді босқа үрейлендіруде", – дейді құқықтанушы.

Бірақ жұртшылық шын үрейленіп қалды.

"Егер карантин жыл соңына дейін ұзартылса, адамдар коронавирустен емес, аштықтан өле бастайды. Жұмыссыздық өршиді, қаражат болмайды. Енді ары қарай қалай өмір сүреміз, балаларымызды қалай асыраймыз? Азық-түлік бағасы болса, тоқтаусыз қымбаттап жатыр", – деп қамығады Светлана есімді Фейсбук пайдаланушысы.

"Карантиннің жаманы – жұмысқа шықсаң, жолай ұстап алып, 30 АЕК айыппұл салады. Айыппұлдары бұқараның тапқан табысынан төрт есе көп. Бұлай ұзартса, тезірек аштан қатасың. Онда қарапайым халыққа 42 500 теңгеден төлесін және коммуналдық қызметтердің ақысын өтесін", – деп ашынады Рома.

"Онсыз да екі ай карантинде отырғанда таза ауамен тыныстамаған қазақстандықтардың иммунитеті әлсіреп қалды. Респираторлық вирусты аурулар өршіп шыға келді. Жыл соңына дейін қамаса, иммунитеттен не қалады? Түсініксіз дезинфекциялық дәрілермен қоса улап жатыр. Үйлерге енді қуып тығудың мәні жоқ", – дейді Бағлан.

Жалған мәліметтің таралып жатқанына бес күндей болды. Ол енді мессенджерлер арқылы әлеуметтік желіде жоқ азаматтар арасында кең жайылуда. Оған қарсы дәйектемені саясаттанушылар емес, ұлт денсаулығына жауапты бас меморган беруге тиіс еді. Ал Денсаулық сақтау министрлігі болса, үнсіз. Білікті түсініктеме беруге асығар емес. Қынжылтатыны сол, Елжан Біртанов басқарып тұрған тұстағы шабан тірлік Цой тұсында жалғасқанға ұқсайды.

"Карантиніңді қойшы? Коронавирус қашан жойылады?" дейді интернет пайдаланушылардың бір тобы. Медицина мамандары індетке вакцина тоқтау болатынына нұсқайды.

"Қазақстанда отандық вакцина ойлап табылды, оны сынақтан өткізу басталады деп жарияланды. Ол қайда? Қашан егу жоспарланып отыр?" – деп сұрады жаңа денсаулық сақтау министрінен қоғам белсендісі Бекзада Ишекенова.

Министр отандық вакцинаның қашан қолданысқа берілетінін білмейтін болып шықты.

"Қазақстанда коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаны әзірлеумен Білім және ғылым министрлігіне бағынысты Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты және Ұлттық биотехнологиялар орталығы айналысуда. Вирусология, биотехнология, биологиялық қауіпсіздік саласындағы бағдарламаларды да солар орындайды. Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігінің Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы Қазақ ұлттық аграрлық университетімен бірге, COVID-19 індетіне қарсы жаңа технологиялық нановакцина жасау бойынша зерттеулер жүргізіліп жатыр", – деді Алексей Цой.

Осы орайда ҚазҰАУ базасында Халықаралық вакцинология орталығы құрылыпты. Онда ел Үкіметі шетелдік әріптестерімен – АҚШ-тың Огайо штатының университетімен және Аустралияның VaxinePtyLtd компаниясымен бірге жұмыс жүргізуде. Огайо университеті бекер таңдалмаған: ол нанобөлшектерді алудың озық технологиясына ие.

ДСМ басшысы қазақстандық вакцинаның ел игілігіне айналатын күнін тап басып айта алмады.

"Вакцинаны тек ол клиникалық сынақтардан және Қазақстан заңнамасына сай тіркелу рәсімдерінен өткеннен кейін ғана қолдана бастаймыз. КВИ-ге қарсы вакцинаның әзірленуі және сынақтан өтуі барысы туралы егжей-тегжейлі ақпаратты Білім және ғылым министрлігі бере алады", – деді министрі А.Цой.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу