Карантин енгізу жоспары

​Нәтиже болмаса шектеу шаралары 2 аптадан кейін ұзартылуы немесе қатаңдатылуы мүмкін.

Карантин енгізу жоспары

Қазақстанда коронавирустық инфекцияға шалдыққандар санының артуына байланысты 5 шілдеден бастап 14 күнге дейін шектеу шаралары енгізілді. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой екі апталық карантин  туралы толық ақпарат берді.

Эпидемиологиялық жағынан қауіпті орындар жабылады

Ералы Тоғжанов айтқан тізімде сұлулық салондары, спорт залдар мен фитнес орталықтар, бассейндер, азық-түлік және азық-түліктік емес жабық базарлар, жағажайлар, аквапарктер, мәдени нысандар, ойын-сауық орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелер, діни нысандар және басқалары бар. Сонымен қатар сауда орталықтарында орналасқан ойын-сауық нысандары да қызметін тоқтатады. Атап айтсақ, караоке, бильярд, компьютер клубтары, кинотеатрлар, балаларды сауықтыру лагерлері, фудкорттар, банкет залдары қызметіне тыйым салынады. Ал мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің кемінде 80%-ның қашықтан жұмыс істеу режимінде қалдыруы керек.

"Медициналық орталықтар алдын ала жазылу бойынша жұмыс істейді. Дәріханалар, азық-түлік дүкендері мен ашық базарлар жұмыс істей береді. Ойын-сауық, спорт және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу шараларын өткізуге тыйым салынады. 65 жастан асқан адамдардың сыртқа шығуына және саябақтар мен көшелерде 3 адамнан артық серуендеуге шектеу қойылады. Әйтсе де, далада жаттығу жасауға рұқсат етіледі", – деді Ералы Тоғжанов.

Қоғамдық тамақтану орындары жұмысын жалғастырады, алайда тек ашық алаңда орналасқан мекемелерге ғана рұқсат етіледі және олар күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтауға тиіс.  Жұмысын тоқтатпайтындар қатарында үздіксіз өндірістік айналымы бар құрылыс, өнеркәсіп кәсіпорындары, ашық алаңда орналасқан құрылыс жұмыстары, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және мал шаруашылығы жұмыстары мен халыққа қызмет көрсету салалары қызметін жалғастырады. Ал автожуу орталықтары, автомобильдерді және тұрмыстық техниканы жөндеу, ХҚКО-лар, екінші деңгейлі банктердің жұмысына уақыт бойынша шектеу енгізіледі.

Халық айтылған ескертулерге құлақ аспай отыр

Ералы Тоғжанов ел ескертуге құлақ аспай той жасап, ас беруді жалғастырып жатқанын жеткізді.  Енді мұндай факт анықталса той иелері де, тойханада да "жазаланады". Жеке тұлғалар 83 мың, заңды тұлғалар 600 мың теңге айыппұл арқалауы мүмкін.

"Мемлекет қолға алған шаралардың барлығы адам өмірін сақтап қалуға бағытталған. Үкімет осы бағытта өз міндетін толық атқара береді. Вирустың таралуының негізгі себептері бар. Ол халықтың айтылған ескертпелерге құлақ аспауы. Әлемде 10 млн-нан астам адам ауырып, 500 мыңнан астамы қайтыс болса да тығылып той тойлап, бетперде киюді ұят санайтындар да жоқ емес. Мысалы, амбарларға тығылып той жасау, артқы есіктен кіріп қыз ұзату, аулаға той жасап, ас беру, құдалық өткізу. Осындай шаралар толып жатыр. Соның салдарынан 20-дан астам адам ауырып, қайтыс болған жағдайлар орын алды", – деген Тоғжанов "Абай жолынан" үзінді келтірді.

"Құрметті ағайын, Мұхтар Әуезов "Абай жолы" романында елді жайлаған індет туралы "өзі аса қауіпті жұқпалы ауру ел таңдамайды. Бар жұртқа ортақ апат, бірақ әр ортада халықтың тұрмысына, жағдайына қарап, салты мен қалпына орай ауру әр жерде әр алуан өтеді" деп жазған. Олай болса қазір де індет мемлекет таңдамайды", – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Блок бекеттер қойылмайды

Брифингте вице-премьерге қойылған сауалдың бірі - елордаға кіруге немесе қаладан шығуға шектеулер енгізілетіні туралы болды. Ералы Тоғжановтың айтуынша, қалалар арасына ешқандай блок бекеттер қойылмайды.

"Қозғалысқа ешқандай анықтамалар керек емес. Екіншіден, қалалар мен өңірлер арасында блок бекеттер орнатылмайды", – деді ол.

Бұл ретте ол тек  қалааралық жолаушылар автобусы қатынасы уақытша тоқтайтынын атап өтті.

Стационарлардағы орын саны екі есе артады

Вице-премьер тоқталған тағы бір мәселе – медициналық мекемелерді қажетті құралдармен жабдықтау.

"Бүгін күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе – медициналық мекемелердің КВИ-мен ауырғандарды емдеуге арналған жатын орын санын арттыру. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, шілде айының соңына дейін, инфекциялық, провизорлық орын саны 50%-ға өсіп, 28 мыңнан 42 мыңға дейін жеткізіледі. Тамыз айына дейін ПТР-тестермен қамту тәулігіне 30 мыңнан 39 мыңға артады. Барлық медицина мекемесіне қажетті техникалар мен құрал-жабдықтар алынды және алынып жатыр. Бұл бағытта жұмыс тоқтаған емес және тоқтамайды да", – деді вице-премьер.

Брифингке қатысқан Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, індет ағымы жеңіл түрде өтіп жатқан азаматтарға мобильді бригадалар ақылы қызмет көрсетеді. Ол үшін арнайы тариф белгіленді.

"Індет жеңіл формада немесе белгісі жоқ түрде өтіп жатқан азаматтарға амбулаториялық көмекті көшпелі мобильді бригадалар көрсетеді. Осы уақытқа дейін 380 бригада құрылды. Олардың санын 3 мыңға жеткізу жоспарланған. 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап көшпелі бригадалардың қызметі үшін арнайы тариф белгіленді. Ал емханаларға тіркелген халық учаскелік дәрігерлерден консультациялық көмек ала береді", – деді Алексей Цой.

 

Парацетомолды алмастыратын 33 препарат бар

Министрдің  халық әлеуметтік желідегі деректерге сеніп, жаппай парацетамол сатып алып жатқанына тоқталды. Мысалы, кеше Нұр-Сұлтан дәріханаларына түскен 70 мың қаптама парацетомолды жарты сағатта сатып алып кеткен. Алайда оны алмастыратын препараттар жетерлік.

"Қазір желіде бұл препараттардың үстіне ақша қосып сатып жатқандар да бар. Алайда бізде құрамында парацетамолы бар 33-ке жуық дәрілік препарат бар. Нарықта бұл дәрі-дәрмектер ашық сатылымда. Халық әлеуметтік желілерден парацетамол туралы көріп алып, тек соны сұрайды. Ал негізінде оның орнына ішуге болатын басқа дәрілер бар", – деді министр.

 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу