"Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Нұр-Сұлтан қаласына карантин енгізуді ұсындық. Бүгін премьер-министрдің төрағалығымен Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Комиссия отырысынң қорытындысына сәйкес, 19 наурыз сағат 00:00-ден бастап, елорда аумағына карантин енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл шектеу мен бақылау шаралары қауіпсіздік мақсатында күшейтіледі деген сөз", – деді Алтай Көлгінов бас шаһарда коронавирустың таралуына қарсы қандай шаралар қолданылып жатқанын баяндағанда.
Қала әкімі адамдардың қозғалысымен қалаға автокөліктердің кіріп-шығуы шектелетінін, қоғамдық көліктердің қозғалысы күндізгі уақытта тоқтайтынын немесе шектелуі мүмкін екенін, азық-түлік пен дәрі-дәрмек сататын нысандарды қоспағанда, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысы уақытша тоқтатылатынын мәлімдеді.
"Карантин мен комендаттық сағатты шатастырмауға шақырамыз. Карантин адамдардың қауіпсіздігі үшін енгізілген сақтық шарасы. Қажет болмаған жағдайда азаматтар қоғамдық орындарға барудан бас тарту және короновирус инфекциясынан сақтану нұсқаулығына сай әрекет етуге тиіс", – деді Алтай Көлгінов.
Қанат Махамбет