Карантин шаралары қандай нәтиже беріп жатыр?

1896

Шектеулерді жеңілдетудің үш кезеңі қарастырылады.  

Карантин шаралары қандай нәтиже беріп жатыр?

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова мен Ішкі істер министірінің орынбасары Алексей Калайчиди телеарнаның тікелей эфирінде карантин шараларының сақталуы мәселесі жайлы сөз қозғап, бүгінгі күнге дейін қол жеткен нәтижелерден хабардар етті.

Айжан Есмағамбетованың айтуынша, адамдар арасында індеттің жұғуы бірден аспағанда және емханалардағы төсек-орындар айтарлықтай босаған сәттен бастап карантин шаралары тоқтатылады.

"Науқастардың көбеюіне байланысты мамыр айынан бастап екі көрсеткішке мән береміз. Яғни, бір адамнан ауру жұқтырғандар санын білдіретін "Р0" инфекцияның репродуктивтілік көрсеткішіне қараймыз және адамдар қанша төсек-орында жатқаны есепке алынады. Карантиннің негізгі мақсаты – инфекцияның таралуын тоқтатып, ауырғандар санын азайту және денсаулық сақтау жүйесіне артық жүктеме түсірмеу. Сондай-ақ, қажетті медициналық көмекті әр азамат толықтай алуға тиіс. Осы көрсеткіштерді негізге ала отырып, карантин шараларын жеңілдетудің үш кезеңі қарастырылады. Барлық кезеңде репродуктивтік көрсеткіш 1-ден аспауға міндетті. Ал төсек-орынның бос болмауы бірінші кезеңде 70%-дан, екінші кезеңде 50%-дан, үшінші кезеңде 30-%-дан аспауға тиіс", – деп түсіндірді Айжан Есмағамбетова.

Бас санитарлық дәрігердің сөзінше, қатаң карантин басталған кезде Р0 1,2 деңгейін көрсетіп, төсек-орынның 90%-ы бос болмаған. Дегенмен қатаң карантин нәтижесі бүгінгі күні індеттің таралуы тұрақтағанын көрсетеді.

Ал елдегі эпидемиологиялық ахуалды бақылап отыру үшін 644 аймақтық мониторингтік топ жұмыс істеуде.

"Бұл топ 5 шілдеден бері карантин кезінде жұмыс істеп жатқан әртүрлі 25 438 нысанды тексерді. Тексеріс барысында 3000-нан астам нысанда, яғни барлық тексерілген нысанның 12%-ында заң бұзушылық фактісі бары анықталған. Карантиннің алғашқы аптасында бақылау топтары құқық бұзушыларды жауапқа тартқан жоқ, негізінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бүгінгі күнге дейін мониторингтік топтар рейд кезінде жасалған ескертулерді орындауы үшін 16 мыңнан астам ұсыныс табыстады. Ал 742 нысан қызметін тоқтатты", – деді ол.

Ішкі істер министірінің орынбасары Алексей Калайчиди құқық қорғау органдары 5 шілдеден бастап негізгі қызметімен қатар, карантин шараларын сақтау жөнінде де бірнеше міндетті атқарып жатқанын айтты.

"Біріншіден, дәрі-дәрмектерді заңсыз сатуды тоқтатамыз. Екіншіден, карантин шаралары мен санитарлық дәрігердің талаптарын бұзғандармен жұмыс істейміз. Үшіншіден, коронавируспен ауырған азаматтармен байланыста болғандарды табамыз. Жалпы, 199 індет ошағы мен 366 карантин нысанын күзетеміз. Айта кетсем, дәрі-дәрмек сатудың 537 фактісі тіркеліп, 58 қылмыстық іс қозғалды. Ал басқа фактілер бойынша әкімшілік-өндірістік шаралар тағайындалды. Заңсыз айналымнан 70 мыңнан астам дәрі-дәрмек алынды. Жарты миллион медициналық маска мен 36 мыңнан астам әртүрлі медициналық бұйымдар тәркіленді. Барлық материалды бір тәулік ішінде экономикалық тергеу қызметіне немесе денсаулық сақтау органдарына тапсырамыз", – деді Алексей Калайчиди.

Ішкі істер министірі орынбасарының айтуынша, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қаласында осындай заң бұзушылықтар жиі тіркелуде. 
 

 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу