Карантинде кәсіпкерлерді заңсыз тексеру фактілері жиілеген

Облыстық прокуратура мен облыстық кәсіпкерлер палатасы арасында 2021 жылға арналған "Жол картасы" әзірленді.  

Карантинде кәсіпкерлерді заңсыз тексеру фактілері жиілеген

Аймақта кәсіпкерлерді заңсыз тексеру оқиғалары анықталған. Бұндай үздіксіз тексерулерден запы болған кәсіпкерлер мобильдік топтарға жүгініп, олар дер уақытында анықтаумен, 3 мемлекеттік қызметкерге тәртіптік, 1 лауазымды тұлғаны әкімшілік жауапқа тартқан.

Карантин уақытында кәсіпкерлік нысандарға тексеру жұмыстары жүйелі жүргізіліп тұратыны белгілі. Осындай шаралардың көбінде бизнес өкілдерінің талапқа бағынбау деректері жиі кездеседі. Алаңдатарлығы сол, тексеруші тараптан да олқылықтардың орын алуы көбейген.

Мәселен, бірқатар мемлекеттік қызметкер тексеру жүргізуге уәкілеттілігі болмаса да лауазымын пайдаланған. Ал енді бірінің кәсіпкерге қатысты заңсыз акті толтырғандығы белгілі болды.

"Бизнесті қорғау мәселесі біздің үнемі бақылауымызда. Прокуратура тарапынан талдау жасалып, бірқатар заңсыздықтарды анықтадық. Негізі тек қана осы тексеру жүргізген уәкілетті органдар тарапынан 7 заңсыз тексеру жүргізілгені анықталды", – деді облыс прокуроры Нұрлан Бижанов.

Осылайша құзырлы орган тарапынан бизнес нысандарға жүргізілген тексеру жұмыстарының заңдылығы зерделеніп, онда мораторий талаптары бұзылып, әкімшілік айыппұл салудың заңсыз деректері анықталған.

Айта кетер жайт, қазір заңсыз актілеудің күші жойылған. Заң талаптары жеңілдетілгенмен босаңсуға әлі ерте. Сондықтан мұндай тексеру жұмыстары аясында кәсіпкерлердің құқығы да тапталмай, карантин талаптары да ескерусіз қалмауы тиіс. Ал мемлекеттік қызметкерлер лауазымдық қызметіне сай еңбек етсе әкімшілік тәртіптік жауапкершілікке тартылмас еді.

"Бастысы карантин кезінде қай тарап болмасын мемлекет мүддесі, халық денсаулығын сақтау жолында аянбай еңбектенуі тиіс. Өкінішіке орай бірінші толқында сенген жоқпыз, короновирус жоқ дедік, өтірік дедік, ал жақындарымыз көз жұмған кезде, басына топырақ тастай алмаған кезде ғана түсіндік. Бүгінде осындай қауіптің алдын-алу мақсатында базар, автопарк басшыларымен кездестік. Бірінші кезекте санитарлық норманы барлық кәсіпкерлерден сақталуын сұраймыз", – дейді қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов.

Бұл күндері кәсіпкерлерге де оңай соғып тұрған жоқ. Бұрыңғыдай емес тұтынушылар қатары да сиреген. Дегенмен кәсібін дөңгелетудің тетігін тауып отырған бизнес өкілдері жоқ емес.

"Айналымға қаражат жетпегендіктен несие алып жатырмыз. Сөйтіп жұмысымызды ары қарай жүргізудеміз. Енді бізде де қаншама адамдар жұмыс істейді. Оның 95 пайызы әйелдерді құрайды, көпбалалы, жалғызбасты әйелдер көп қарамағымызда. Оларға жалақыларын төлеуіміз керек, қаншама шығындар бар, коммуналдық, салық, соның барлығын уақытылы төлеп отырмыз", – дейді кәсіпкер Манат Алмашова.

Ендігі жерде кәсіпкерлер мүддесін қорғау үшін де арнайы мобильдік топтар құрылады. Нақты іс-шаралар жоспарын бекіту мақсатында облыстық прокуратура мен облыстық кәсіпкерлер палатасы арасында 2021 жылға арналған "Жол картасы" әзірленді. Бұл бойынша кәсіпкерлердің құқықтары толығымен қорғалады және тексеруші топтарды бақылау жасауға мүмкіндік бар.

Нұрбек Дәуренбеков


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу