Коронавирус жұқтырған қанша медицина қызметкеріне өтемақы төленбегені белгісіз

1593

Бас санитарлық дәрігер 500 медицина қызметкеріне 2 млн теңгеден төленгенін ғана біледі.  

Коронавирус жұқтырған қанша медицина қызметкеріне өтемақы төленбегені белгісіз

Еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетованың айтуынша, науқастарды емдеу барысында коронавирус жұқтырған 500 медицина қызметкерінің әрқайсысына 2 млн теңгеден өтемақы төленді. 

"Қолда бар дерек бойынша, 500 медицина қызметкеріне тиісті қаражат аударылды. Өкінішке қарай, қанша медицина қызметкеріне өтемақы төлеуден бас тартылғаны туралы дерек жоқ. Бұған қатысты санды дәл қазір айта алмаймын", – деді Айжан Есмағамбетова.

Оның сөзінше, мәселені шешу бойынша әкімдерге нақты тапсырма берілген. 

Айта кетейік, үкімет бұған дейін қызмет бабында жүріп індетке шалдыққан медицина қызметкерлеріне 2 млн теңге көлемінде өтемақы тағайындады. 

Ал COVID-19 дертінен қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасына 10 млн теңге берілуге тиіс болды.  

Сөз арасында Айжан Есмағамбетова демалыс күндері карантин неліктен сақталатынын түсіндірді. 

"Не себепті демалыс күндері локдаунды сақтаймыз? Бірінші мақсат – қол жеткізілген көрсеткіштердің оңтайлы динамикасын сақтау. Инфекцияның таралуында басты себеп не? Ол – адамдардың қарым-қатынасы. Өздеріңіз жақсы білесіздер, демалыс күндері адамдардың өзара қарым-қатынасы көбейеді, тұрғындардың сапарға шығуы артады", – деді ол.

Бұдан кейін бас мемлекеттік санитар дәрігер 17 тамыздан бастап жұмыс істейтін моншалар мен сауналарға қандай талаптарды сақтау міндеті қойылғанын жариялады. 

"Бастапқы кезеңде моншалар мен сауналардың жұмысы бассейнсіз жүзеге асырылады. Нысанның іші 50% бос болуы керек және әр келушіге кем дегенде 4 шаршы метр аумақтан келуге тиіс", – деді Айжан Есмағамбетова.

Осыдан соң ол коронавирустың таралуын азайту бойынша қол жеткізілген динамиканы сақтап қалу үшін бірінші кезеңде қашықтан жұмыс істеу бойынша 80/20 қатынасы сақтау маңызды екенін айтты. 

"Мүмкіндігінше, қашықтан жұмыс форматын сақтап, жұмысқа қызметкерлердің 20% ғана келгені дұрыс", – деді бас санитар. 
 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Қанат Махамбет 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу