Карантинді пайдаланып, жайлауды киік жайпауда

3284

Адамдардың үйлерінде тығылғанын пайдаланып, жануарлар еркінсіп жатқан көрінеді. 

Карантинді пайдаланып, жайлауды киік жайпауда

Осыдан ширек ғасыр бұрын түзде жосыған киіктердің саны 1 млн 400 мыңнан асатын. Алайда кейіндері Қазақстанда ақбөкендер жойылуға шақ қалып, "Қызыл кітапқа" кіре жаздады. Тәуелсіздік жылдарында олар бірнеше рет қырылды. Қоғамдық пікір бұған "Байқоңырдан" ұлы далаға улы гептил шашып ұшатын "Протон" ауыр зымырантасығыштарын айыптады. Кейін қоғамның қысымы, әрі Ресейдің еліміздегі ғарыш айлағынан теріс айнала бастауы және арқасында бұл зиянды зымырандардың сапары азайды.  

Енді коронавирустық пандемияға байланысты елде төтенше жағдай және адамдардың қозғалысына қатаң шектеу енгізілуі киелі жануарлардың бағын ашыпты.

Ауылдағы шаруа қожалықтары мен егіншілер далада киіктердің қаптап кеткеніне назар аудартып, ауыл шаруашылығы және экология министрліктеріне шағым жолдап жатыр.

"Қазіргі кезде шаруа қожалықтарында, далада шөп шабылмай жатыр. Осы орайда шабындықтар мен мал жайылатын жайылымдардың аумағында киіктер саны тым көбейіп кетті. Адамдардың  жоғын пайдаланып, киіктер шөбімізді жеп, шабындықтарымызды емін-еркін отауда. Оған қоса жаңа төлдеген малдарымыздың төлдері де киік жүгіріп өткенде соларға ілесе шауып, жоғалып кетіп жатыр. Жабайы аңдардың қорғалуына, мемлекеттің аз жануарларды сақтауды қамтамасыз ететініне және киіктерді атуға заң жүзінде тыйым салынуына байланысты киіктерді қатты үркіте де алмаймыз. Оларға қарсы пәрменді шара қолдана алмаймыз", – деп қамығады Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданының ауыл шаруашылығы өндірушісі Нұрболат Темірболатов.

Батысқазақстандық шаруа қожалықтары атынан экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевке жүгінген ол мемлекет қорғауындағы жануарлардың тайраңдауына мемлекеттің өзі тосқауыл қоюы керегін айтады.

"Бұл мәселе шешілуі үшін киіктерді басқа жаққа айдату керек немесе мәселенің басқа оң шешімін табуларыңыз үшін сізден көмек сұраймыз. Әйтпесе, киіктер өте көп, шамамен 300 мыңдай", – дейді Нұрболат Темірболатов.

Осындай жағдай өзге өңірлерде де болып жатқан көрінеді.

Белгілі кәсіпкер, қоғам белсендісі Асылхан Орынбасаров киіктердің басты қауіп-қатерлерінен уақытша болса да құтылғанын білдірді.

"Әсіресе, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында бірнеше жыл бойы браконьерлік мәселесі шектен шығып кеткені жасырын емес. Соның ішінде ақбөкенге шығатындар көбейді. Екі мүйіздің бағасы екі жүз доллардай тұратындықтан, мұндай оңай табыс табу көзі дағдарыс кезінде 90-жылдардағы сияқты Қазақстанға қайтадан үлкен проблема әкелді. Мысалға, 2016 жылы Қызылорда қаласында "Алтын балық" базарында қуырдаққа деп, киік етінің келісін 1000 теңгеден қысылмай сатқаны кездесті. Бұған жол беріп отырғандар – охотинспекцияның кейбір алақол мамандары, олар заңсыз киік аулаушылар қылмысына көз жұма қарады, кейбірі тіпті браконьерлермен бірге заңсыз аң аулаумен айналысты. Киік – мамонттар дәуірінен келе жатқан жануар, оны келер ұрпаққа сақтап қалуымыз керек", – дейді ол.

Қазақстанда киіктерді заңсыз ату фактілері тек төтенше жағдай қарсаңында тіркелді. Одан кейін мұндай дерек айтылмады.

"Батыс Қазақстанда жануарларға қарсы қылмыстық əрекет орын алды. Бүгін "Охотзоопром" инспекторлары рейд кезінде Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының аумағында 50 бас киіктің кесіп алынған мүйізін тапты. Полиция қазіргі уақытта осындай тағылыққа барған адамдарды іздестіруде.  Қылмыс жасағандар табылып, жазасын алады деп сенемін", – деп жазды биылғы 31 қаңтарда экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өзінің Twitter-дегі парақшасында.

2015 жылы Қостанай облысында 200 мыңдай киік қырылып қалған екен. Қазіргі кезде жергілікті қорық мамандары ақбөкендер санының күрт өсуін тіркеп жатыр.

"2019 жылы Бетпақдала тұқымдастарының саны 111 мыңды құрады. 2018 жылы оның басы 50 %-ға өскен. Қырғын болған 2015 жылдан бері сондай қарқынмен өсуде. Ешқандай нәубет келмесе, биыл бұдан да артады. Бірақ әзірге оны аулауға рұқсат беру үшін бұл бәрібір аз", – дейді журналистерге сұхбатында Қостанай облысының аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бас маманы Рустам Бидибаев.

Бұрындары киік – аулауға жататын аң саналатын. Алайда олар жойылуға шақ қалғасын аулауға уақытша тыйым салынды. Дегенмен, саны миллионнан асса, аулауға қайтадан рұқсат етілуі мүмкін. Бұған дейінгі тыйым мерзімі 2020 жылғы желтоқсанда аяқталуға тиіс болатын. Дегенмен, биылғы 10 ақпанда АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті киік аулауға тыйым мерзімін 2023 жылға дейін ұзартты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу