"Атамекен" ҰКП Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Бауыржан Орзғалиев локдауннан кейін кәсіпкерлер қызметін қайта жандандыруға рұқсат алуды оңтайландыру үшін InfoKazakhstan.kz поталы іске қосылғанын айтады. Оның сөзінше бұл тек өтінім беру жүйесі емес, іскер адамдарды қағазбастылықтан құтқарудың бір жолы.
"Сайтта рұқсат беру бас санитарлық дәрігердің қаулысымен жүзеге асырылады. Кәсіпкер тіркеліп, өтінім беріп, талаптарды орындап, сәйкестік актісін алады. Жүйе сенбі күні іске қосылды. 5 күннің ішінде бізге 130 мың өтінім түсті. Сол өтінімдердің 80%-ы сәйкестік актісіне қол жеткізді. Ал 97%-ы ешқандай тексерусіз санитарлық талаптарды орындау жөнінде өздеріне жауапкершілік алды", – дейд іспикер.
Бас мемлекеттік санитар дәрігердің 14 тамыздағы қаулысын орындауға арналған сайт қосылған алғашқы күндері 16 мың 500 іскер адам келісім берген. Бүгінде оның 9 мыңнан астамы бизнесін жандандыруға рұқсат алды. Алғашқы өтініш Қарағанды облысының кәсіпкерінен келген. Портал көмегіне ең көп жүгінген өңір Алматы қаласы мен Алматы облысы.
Ал Ақтөбе қаласынан 3700 кәсіпкерден өтініш түскен. "Атамекен" ӨКП директоры Анар Даржанова олардың 77%-ы портал арқылы рұқсат алғанын жеткізді. Қалған бизнес субъектілері арнайы мониторингтен өтіп, санитарлық талаптарды орындаған соң ғана ашылады. Олардың арасында ескертпелерді ескермеген кәсіпкерлер де бар.
"Порталда бизнес субъектілері әр бөлімге бөлінген. Мұнда сол салада болып жатқан соңғы өзгерістер көрсетіледі. Кәсіпкер жаңа ақпараттарды оқып, электронды цифрлық қолтаңба арқылы деректермен танысқанын растайды. 217 іскер адамға техникалық көмек қажет болды. Оларға колл-орталық арқылы кеңес бердік", – дейді Ақтөбе қаласындағы "Атамекен" ӨКП директоры.
Ет өнімдерін шығарумен айналысатын ақтөбелік кәсіпкер Ғалиябану Әлиева InfoKazakhstan.kz порталы арқылы өтінішті 10 минутта беріп, бизнесін жүргізуге рұқсат алған. Телемарафон барысында ол жеке тәжірибесімен бөлісті.
"Сайтта рұқсат алудың бірнеше қадамы бар. Бірінші ЭЦҚ арқылы өз бизнесімізді растадық, кейін мәліметтер мемлекеттік деректер базасынан жүктелді. Келесі кәсіпорын қызметкерлерінің саны, кәсіпорын қуаттылығын жаздық. Ал соңында барлық ақпараттармен танысып, міндеттемелерге келісім бердік. Барлығы оңай, 10 минут қана уақыт алды", – дейді кәсіпкер.
Білім беру орталығының басшысы Әкімбек Әлібек карантинде бизнесі шығынға ұшырағанын айтады. Бұған қоса кәсібін жандардырған ол жаңа санитарлық талаптар іскерлік жағынан тиімсіз екенін тілге тиек етті.
"Карантинде толық жабылдық. Өйткені ата-аналар онлайн білім алуға келіскен жоқ. Қазір де сабақтарымызды бұрынғы қарқынмен өткізе алмай отырмыз. Себебі талап бойынша топтар толық болмауы керек, қашықтық сақталуы тиіс. Ал бізге жалға алу ақысы мен ұстаздардың еңбекақысын төлеу қажет. Оған қоса ата-аналар сабақтарға балаларын алып келуден де қорқады. Сондықтан кәсіпкерлер палатасынан көмек сұраймыз. Олар бізге қарызымыздан құтылып, қарамағымыздағы адамдарды қысқартпауға жәрдемдессе", – дейді ол.
"Атамекен" ҰКП қоғаммен байланыс департаментінің директоры Бауыржан Орзғалиев бизнес иелерінің көбі кеңсе жалдау бойынша шығынға ұшырап отырғанын айтады. Сондықтан ол палата аталған төлем бойынша жеңілдіктер қарастырып жатқанын хабарлады.
"Бізге келген кәсіпкерлердің 50%-ы жалға алу бойынша 50% шамасында жеңілдік алғанын немесе төлемдері шегерілгенін айтты. Осы бойынша ұсыныстар әзірлеудеміз. Егер қолдау тапса арнайы жеңілдіктер қарастырылады", – деді спикер.
Елімізде 830 мың бизнес субъектісі бар. Олардың барлығы локдаунан кейін бизнесін жандандыруға InfoKazakhstan.kz арқылы рұқсат алуға тиіс. Сонымен қатар қосымша сұрақтары бойынша кәсіпкерлер палатасының телеграм арнасы мен колл-орталығына хабарласа алады. 14 тамыздан бері аталған колл-орталыққа 7500 адам түрлі сауалдармен қоңырау шалған.
"Қазір барлық кәсіпкерлік субъектілеріне кешіріммен қарап отырмыз. Олар 14 тамыздағы бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысын санаулы күнде орындай алмайды. Сондықтан ақпараттық жүйелер арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз", – деді Бауыржан Орзғалиев.
Еске сала кетсек, сәуір айында енгізілген карантин кезінде Алматыда "Атамекен" ҰКП бастамасымен infoalmaty.kz ақпараттық жүйесі іске қосылған. Бастапқыда ол көлікпен қатынауға рұқсаты берілген қала тұрғындары мен автокөлік тізімін жасауға арналса, кейін кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін жеңілдетуге бағытталды. Еліміздің ірі мегаполисіде сынақтан сәтті өткен порталды кейін республика көлемінде пайдалану жөнінде шешім қабылданды.
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Құралай Құдайберген