Қарапайым халық декларацияны қашан тапсырады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4442

Жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдан бастап кезең-кезеңмен енгізілетін болады.

Қарапайым халық декларацияны қашан тапсырады

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап республика азаматтары жалпыға бірдей декларация тапсыруға тиіс. Осыған байланысты заңнамалық базаны, ақпараттық жүйелерді дайындау, уәкілетті органдардың деректер базасын өзектендіру, өңірлерде пилоттық жобаларды өткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сүйенсек, Қарағанды облысының Осакаровка ауданындағы пилоттық жобаның нәтижелері жалпыға бірдей декларацияға қатысты проблемаларды анықтап берген. Оларды шешу үшін қосымша уақыт қажет. Осыған орай қаржы министрлігі жалпыға бірдей декларация тапсыруды кезең-кезеңімен енгізу бойынша ел Үкіметіне ұсыныс енгізді.

Ұсынысқа сәйкес, жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдан бастап кезең-кезеңмен енгізілетін болады.

Алғашқы кезең 2021 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Дәл осы уақыттан бастап мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары декларация тапсырмақ.

Екінші кезеңде мемлекеттік кәсіпорындардың, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және тағы да басқа салалардың қызметкерлері және олардың жұбайлары қамтылады. Екінші кезең 2023 жылғы 1 қаңтардан басталады.

Үшінші кезеңде жалпыға бірдей декларацияны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап  заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары тапсырады.

Төртінші кезең (2025 жылғы 1 қаңтардан бастап) халықтың қалған санаттарын қамтиды.

"Әр кезеңнің қорытындысы талданып, мәселелер анықталатын болады және заңнаманы, әдістемені, ақпараттық жүйелерді жетілдіру бойынша шаралар қабылданады", – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта жалпыға бірдей декларациялауды кезең-кезеңімен енгізу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына түзетулер дайындалуда. Олар Қазақстан Республикасының Парламентіне белгіленген тәртіпте ұсынылмақ.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу