Жастарға арналған тұрғын үй: 12 мың теңгелік пәтерді кімдер алады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
39232

Биыл жастарға 3 мыңнан астам жалдамалы пәтер беріледі. 

Жастарға арналған тұрғын үй: 12 мың теңгелік пәтерді кімдер алады

Тәуелсіздік күнінде 29 жасқа толмаған, жұмыс істейтін, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында тұратын Қазақстан азаматтарына сатып алу құқығынсыз 5 жылға жалдамалы пәтер беріледі.

Ауданы 40 шаршы метрге дейінгі пәтерлердің жалдау құны коммуналдық төлемдерді қоспағанда 10-12 мың теңгеден аспайды. Жалдамалы пәтерге қол жеткізгісі келген жастардың айлық табысы 101 мың теңгеден кем болмауға тиіс.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметтің мәлімдеуінше, жалдамалы пәтерде тұратын жастар "Тұрғынүй құрылысжинақбанкінен" есепшот ашып, 5 жыл ақша жинауға міндеттеледі. Кейін олар жиналған қаражатқа үй сатып алады.

Кімдерге басымдық беріледі?

Жалдамалы пәтерде тұрғысы келетін азаматтар балдық жүйе бойынша таңдалады. Сұранысқа ие 100 мамандықтың тізімінен табылған үміткерге  қосымша 10 балл, жұптасқан жастарға 5 балл, отбасындағы әр балаға бір балл және жеке бизнесі бар жастарға 5 балл беріледі. Көп балл жинаған жастар тізімнің басында тұрады. Яғни жалдамалы пәтерге қол жеткізу мүмкіндігі жоғары болады. Айта кетейік, бюджет қызметкерлері де басымдыққа ие болады.

Не болмауы керек?

Үміткердің атына тіркелген жылжымайтын мүлік болмауға тиіс. Осы талап үдесінен көрінбегендер жалдамалы пәтер алу мүмкіндігі бар үміткерлердің тізіміне енбейді. 

Тізім қалай жасалады?

Уәкілетті орган 10 жұмыс күні ішінде жастардың баллдарын есептеп,жалдамалы пәтерде тұрғысы келетіндердің тізімін жасайды.

Бағдарлама неше жылға жоспарланған? 

Жастарды жалдамалы пәтермен қамтамасыз ету бағдарламасының алғашқы кезеңі қанатқақты жоба ретінде 2021 жылға дейін жүзеге асырылады. Барлығы ойдағыдай болса, ары қарай жалғастырылып, өңірлерді қамтиды.

Қандай құжат қажет?

Жалдамалы пәтерде тұру құқығына ие болу үшін үміткер өтінішпен бірге жеке куәлігінің көшірмесін, дипломын, неке куәлігін (егер бар болса), балаларының туу туралы куәлігін (болған жағдайда) тапсыруға тиіс. Бұған қоса өзінің, отбасы мүшелерінің атында жылжымайтын мүлік тіркелмегенін растайтын анықтама, жұмыс орнынан анықтама, соңғы 6 айдағы кірісі көрсетілген анықтама, еңбек өтілі туралы құжат, банктегі шотын, шоттағы ақша қалдығы туралы есеп және бар болса жеке жетістіктері туралы құжат өткізуге тиіс.

Қайда хабарласу керек?

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй  бағдарламасы бойынша құжат қабылдау қараша айында басталады. Осыған қатысты мәселемен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "Тұрғын үй қоры" КММ хабарласу керек.

Байланыс нөмірлері: 79-34-50, 79-34-62 (63). Мекенжайы: Нұр-Сұлтан қаласы  Рақымжан Қошқарбаев даңғылы, 39 үй.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық даму басқармасына - 8 (7172) 55-66-92‚ Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасына - 8 (7272) 62-27-08, Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері басқармасына - 8 (7252) 24-74-37 номерлері арқылы байланысқа шығуға болады.

Қанша пәтер беріледі?

Межелі мерзімге дейін жыл сайын жоғарыда көрсетілген 3 қалада шамамен 3 мың жалдамалы пәтер пайдалануға беріледі. Осылайша 9 мың адам жалдамалы пәтерге қол жеткізеді. Атап көрсетерлігі, жастар жалдамалы пәтерді 5 жылдан кейін босатуға тиіс. Осы уақыт аралығында оларға үй сатып алуға ақша жинап үлгеру қажет.

Биыл тәуелсіздік күнінде Нұр-Сұлтанда – 1050, Алматыда - 1050, Шымкенте - 904 жалдамалы пәтер тапсырылады.

Қанша адам үмітті?

Елімізде 29 жасқа толмаған 4 миллионға жуық жас бар. Олардың 245 мыңы -  Нұр-Сұлтанда, 700 мыңы - Алматыда, 260 мыңға жуығы – Шымкент шаһарында тұрады. Міне, осылардың барлығы жалдамалы пәтерден үмітті жан саналады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу